18.09.2024, 17:15
Оқылды: 32

Енді Шыңғырлау ауданында ауыз су мәселесі болмайды

Ауылдардың экономикалық жағдайы, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруы және ауыл-аймақтардың дамуы үшін ең алдымен ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын және сапалы жол қажет. Еліміз нағыз өркендеген жылдар белесінде осы қажеттіліктерге баса назар аударып, халықтың жағдайын жасап берді. Десек те заманның бір орнында тұрмайтыны сияқты табиғи ресурстардың да жылдан-жылға азайып, оны пайдаланумен қоса, сапалы және уақтылы етіп, тұтынушыға жеткізудің де мәселелері жиі туындауы шартты құбылыс.

BA96338F-0352-40E7-95D4-B597CA43C33C

Биылғы жылдың жаз айы басталар тұста Шыңғырлауда ауыз су мен техникалық судың тұтынушылары үшін бірде жетіп, бірде жетпей, мәселе туындағаны рас. Ауа райы 30 градустық ыстықты ұстап тұрғанда ауыз суға зар болып, тұрғындарымыз суағар шүмегін бағып, қатты әбіржіген кездерін айтпай кетпеске болмас. Бала-шаға су тасыған техниканы сағаттап күтіп, тіпті коммунхоздықтар түнгі уақытта да тынымсыз жұмыс істеуге мәжбүр болды. Айтып-айтпай не керек, шөліркеген жұртшылықтың жоғарыдағы басшылардың атына, жауапты мекемеге де реніштері көп болды. Әрине, судың да азайып, электр жарығының да «жалп-жалп» сөнуі турасында халыққа түсіндірме жұмыстары да жиі жасалды.

Шындығы сол, жүйелердің ескіруі, олардың қызмет ету уақытының өтуі, оларды жаңарту үшін қаражат тапшылығы да себеп болды. Оған қоса әрине, тұтынушылық тараптан да себеп бар. Ысырапшылдыққа жол беріп, есепсіз жұмсаймыз. Содан барып, «неге бұлай, неге ресурс бітеді?» деген өзімізге қатысты сұрақтан қашамыз...

Десек те, барлық мүмкіндіктер қарастырылып, аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің тікелей тапсырмасымен Ардақ су нүктесінде жедел түрде екі су ұңғымасы қазылып, қайта іске қосылды. Тез арада мердігерлер табылып, жұмысты тез орындады. Нәтижесінде маусым айының ортасынан бастап, ауыз су үзіліссіз беріле бастады. Енді міне, бүгінге дейін ауданымызда су мәселесі еш туындаған жоқ.

Айта кету жөн, 2015 жылдан бері жаз айларында ауыз су бекітілген кесте бойынша босатылып келді. Ауыз судың қат болған кезін бәлкім біреулер білгенімен, біреулер ұмытқан да болар, не десек те қазіргі кездері су беру кестесі деген бізде атымен жоқ. Ауыз суымыз күні-түні ешқандай кедергісіз, ешбір мәселесіз беріліп тұр. Бұл әрине ең алдымен осы салада жұмыс жасайтын жұмысшылардың, қаражат тауып, мердігерлерге жұмысты өз дәрежесінде орындата білген аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиевтің, «ШыңғырлауКомтехсервис» мекемесінің бұрынғы басшысы Руслан Галиевтың ыждағаттылығы деп айтуға тұрарлық.

Су мәселесіне бейжай қарамайтын аудан басшылығы әлі де ауыз су мәселесін күн тәртібінен түсірмей ұстап келеді. Қазіргі таңда екі ұңғыма, екі су сорғыш үздіксіз жұмыс жасап, күн сайын су қорын молынан жасақтап тұр. Бұған қоса, «ШыңғырлауКомтехсервис» мекемесінің жанынан 10 000 шаршы метр жер учаскесі бөлініп, 1200 куб метрлік су резервуары және су қысымын реттейтін құрылымның су мұнарасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысының басталғанына аз уақыт өтсе де бүгінгі таңға жұмыстың 20 пайызы орындалып қалған. Ауқымды жұмысты міндетіне алған «Қалдығайты» ЖШС болса, оның жетекшісі – Сейтқазы Ғамирлан. Жұмысты тез бастап, тез бітіруді жоспарлаған серіктестік суық түспей тұрып оны аяқтауға тырысуда.

«Бізде қажетті техникалардың бәрі де бар. Қажетті құрылыс материалдары және қиыршық тас, құм, цемент уақытылы жеткізіліп тұр. Қазіргі таңда учаскеде 15 жұмысшы жұмыс жасауда, жуық арада тағы 30 адам негізігі жұмыстарды жасау үшін келмек», - дейді құрылыс учаскесінің басшысы Нұржан Габдуллин.

Құрылыс жұмысы аяқталса, барлық суды осында жинап, уақтылы беріп отырмақ. Шыңғырлаулықтар үшін бұрынғы 1500 куб метрлік су резервуары да қазіргі күні сумен толып тұр, ол тұрғындардың ауыз суы үшін пайдаланылуда. Демек, алдағы уақытта шыңғырлаулықтар үшін су мәселесі болмайтыны анық деп тағы да айтқымыз келеді.

Десек те, судың қадірін біліп, оны үнемдеп жұмсай білу баршамыздың парызымыз және міндетіміз екенін ұмытпаған жөн. Бардың қадірін білейік, ауызсуды үнемдеп пайдаланайық, ағайын.

Айсұлу Мұса

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале