28.08.2017, 15:22
Оқылды: 84

Еңсеп турнирі үшінші мәрте өтті

Karatobe Ensep  Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде даңқты палуан, қазақ күресінен тұңғыш абсолюттік чемпион Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған қазақ күресінен ІІІ республикалық турнирі өтті.

  Өнердің отын үрлеген Қаратөбе өлкесі тарихта ортан жілікті ортасынан бөліп, қарсы келгенін алып жығатын балуандарымен де көпке таныс.
Соның ішінде аты алысқа кеткен республикамыздың тұңғыш абсолюттік чемпионы Еңсеп Досқалиевтің есімі тарих төрінде алтын әріптермен жазулы. 


  Баба рухына арналып үшінші мәрте өткен турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев додаға қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

  Қазақ күресі өнерінде талай белестерді бағындырып, республикамыздың тұңғыш теңдессіз (абсолюттік) чемпионы атанған Еңсеп бабамыздың есімі еш ұмытылмақ емес.

   - Ұлттық спорт қазақ күресін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан спорт саңлағының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық.
Бұл жарыс Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өтуде, - дейді БҚО дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

  Республикалық деңгейде бірнеше рет өткізілген Еңсеп бабамыздың турниріне Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысының атынан және Бөкей ордасы, Қазталов, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе аудандарынан 80-ге жуық таңдаулы спортшылар қатысып, 8 салмақ жәрежесі бойынша жүлделі орындардан көрінуге бақ сынасты.

  Белдесулердің соңғы сәттерін тағатсыздана күткен спорт сүйер жанкүйерлерге күрестің нағыз үлгісін көрсеткен палуандар боз кілемнің шаңын қақты.

  Турнир қорытындысы бойынша 55 келі салмақ дәрежесінде қаратөбелік Шүрмен Бауыржан топ бастап жүлделі І орыннан көрінді. Ал 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Мағжан Серіков (Қаратөбе ауданы) жемімпаз атанса, 66 келі салмақта Нұрдәулет Жәрдемовке (Орал қаласы) тең келер ешкім болмады. Сырым ауданының намысын 74 келі салмақта қорғаған Айбол Оразғалиев жеңімпаз болса, 82 келіде Дулат Байгенов (Атырау облысы) қарсыластарын ойсырата ұтты. Жоғары салмақ дәрежесі болып саналатын 90 келі салмақта Нұрымжан Ғаббасов (Сырым ауданы) ешкімге дес бермесе, 100 келіде өнер көрсеткен Чингиз Шоқпытов (Ақтөбе облысы) жеңімпаз атанды. Ал 100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша ақтөбелік Нұрсұлтан Иманғазиннің бәсі бәрінен жоғары болды.

  Жарыстың шешуші сәті болып саналатын «Түйе палуандыққа» таласу өздеріне сенімді, сайдың тасындай іріктелген 13 палуан арасында өтті.

  Бірін-бірі таза жеңіспен де, ұпай сандарымен де жеңіп жатқан палуандар аянып қалмады. Жанкүйерлер кей сәттерде өздері сенім артқан палуандары ұтылғанына өкініш те білдіріп жатты.

  Соңғы белдесуде қарсыласын бас-аяғы екі минут отыз секундта таза жеңген ақтөбелік палуан Нұрсұлтан Иманғазин баба турнирінің «Түйе палуаны» атанып, бас жүлдеге тігілген 250 мың теңгені иемденді. Ал қарсыласынан айласын асыра алмаған Қазталов ауданының атынан шыққан Ерназар Хамзин ІІ орынды, бөрлілік Темірлан Көлбай ІІІ орынды қанағат тұтты.

  Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале