4.05.2023, 21:01
Оқылды: 67

Ер-азаматқа тән іс қылып жүрміз бе?

Қазіргі қоғамдағы кеңес өкіметіне ере келген, гендерлік саясат, әйел мен ер теңдігі деген ұғымдардың нәтижесінде тамақ пісіретін, үй жинайтын, ауыл өсегіне араласуға арланбайтын ер адамдарды қалыптастырды.  Бұл жігіттеріміздің бойындағы тұқыммен, текпен келген мінезді бұзуда.

IMG-20230504-WA0015

Бүгінгі таңда ас үй азаматтар жиі кіретін бөлмеге айналды. Жасөспірім ұлдарымыз аспаздыққа оқуға әуес. Ассүйде тамақтың тұзын өлшеп, не салатынын, үнемдеп жеткізудің жайын ойлаған адам өзі де байқамастан біреудің үйінде тамаққа не қойылғанын қарап отыратын, кімнің үйінде не ішіп жегенін сөз ететін, жаны да сөзі де ұсақ, елдікті емес, нәпсінің сөзін айтатын сүйкімсіз еркекке айналғанын өзі де байқамай қалады. Ондай еркектен азаматтық, бір сөзділік, адалдық, тектілік, ерге тән мінез күтудің өзі де артық. Бұл  ер адам тағам пісіруді білмеу керек деген сөз емес. Аталарымыз «өнерді үйрен де жирен» деген. Тағам пісіру қазақ қоғамында іс тігу, үй жинау сияқты қыз балаға тән деп есептеледі. Олар - шеберлікті, төзімділікті, сонымен бірге үнемділікті, есептілікті қажет ететін жұмыс. Табиғатында тәрбиесінде жоқ іспен айналысқан адам, үнемділіктен сараңдыққа, іріліктен ұсақтыққа тез ауысуы мүмкін. Азамат ретінде де, педагог ретінде де ата-аналар, мұғалімдер осы жайтқа назар аударғаны жөн деп ойлаймын.

IMG-20230504-WA0017

Ал енді ер-азаматтың бойында болуы тиіс асыл қасиеттерге келер болсақ, олар: бірсөзділік, батылдық, сабырлылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық деп кете береді. Мәселен, адалдық пен шыншылдық бар жерде әділет, кішіпейілділік, қайырымдылық пен қарапайымдылық та еріп жүреді, бұлар кісінің аты мен абыройына дақ түсірмейді.

Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды. Ж.Баласағұни «Атадан   ұл тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді.

IMG-20230504-WA0018

Қазақы орта ер-азаматты артық сөз айтудан, ұсақтық, сараңдықтан, ұшқалақ, көрсеқызар, сөзге ергіштік сықылды қасиеттерден сақтандырып отырған. Есесіне мәрттікке, жомарттыққа, батылдыққа, батырлыққа, кеңпейілдікке, қамқорлыққа, шешендікке, сабырлылыққа, адалдыққа, жауапкершілікке талыпдырған.

Қазақ азаматы ешқашан өз ұлтын кемсітіп сөйлемеген. «Ой, біздер қазақпыз ғой» деген сөздер - бодандықпен, құлдық санамен  ілесе келген ұғымдар. Аштыққа, қырғынға, зорлық-қорлыққа ұшырап, өз жерінде азшылықта қалып, басқыншы ұлттың астам ұғымын жүздеген жылдар санасына сіңірген. Қай халықта да жалқау да ысырапқор да қанішер де бар, еш халық біз жаманбыз деп айтпайды бірақ. Қазақ азаматы қашанда ұлға сын көзбен қарап, айналайынның өзін санап айтып, «Бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген қағидатпен, тегін ұятқа қалдырмайтын, досқа адал, дұшпанға қатал, туысқанға қамқор ұл өсіруді мақсат тұтады. Мейірімге толы Ана жүрегі  «жаман болсаң, жаман бол, ең бастысы аман бол» дейді, әсіресе ер адамның соның ішінде намысты, қайратты, ақылды азаматтар миллиондап қырылған аштықтан соң осы тәрбие белең алды.

IMG-20230504-WA0019

Біздің қазақ «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп көтермелеп отырған, ол да мотивацияның бір түрі. «Екі сөйлегенше, өлгенім артық» деп жанынан арын биік қоюы риза қылады.

IMG-20230504-WA0016

Нарын құмның бойында «Нарынның нар ұлы» деген теңеу қалыптасқан. Сөзі де ісі де ірі кесек тұлға, нардай ел жүгін көтереді деген мағына береді. Болашақта намысты ұл, кесек тұлға, өнегелі азамат тәрбиелейміз десек, ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың таным-түсінігін бала тәрбиесінде басты назарда ұстауымыз керек.

 

Жасталап Сабыров,

Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің директоры

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале