Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» облыстық турниріне іріктеу жарысы өтті. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева қатысты.
Қазақстанның көк туы желбіреп, әнұраны шырқалды. Кейін аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, сынға түскелі тұрған палуандарға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Ауыл ақсақалы Т.Боқыров спортшыларға бата берді.
Жарысқа ауданымыздың 4 ауылдық округінен 16 палуан қатысып, бақтарын сынады. Палуандар екі салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Боз кілемде белдескен палуандар қарсыластарының жауырынын жерге тигізуге барынша тырысты. Жарыстың нәтижесінде 90 келіге дейінгі салмақта Ерқанат Малдыбаев (Мұқыр елді мекені) І орынға ие болды.
Осы салмақта Еламан Рахимов (Жаңақала ауылдық округі) күміспен күптелсе, Дәуренбек Өтепов (Жаңақала ауылдық округі) қола жүлдені еншіледі. +90 келі салмақ дәрежесінде Ерасыл Ахметов (Жаңақала ауылдық округі) жеңіске жетіп, облыстық турнирге жолдама алды. Арнайы жасалған белбеуді тақты.
Осы салмақта Алтынбек Болатов (Жаңажол ауылдық округі) ІІ орынға ие болса, Оралбек Такенов (Жаңажол ауылдық округі) ІІІ орынға табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық спорт кешенінің дипломдарымен, медалдарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz