1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың қатысуымен «Балалардың күлкісі – көркі, мәні әлемнің» атты мерекелік шара өтті.
Табиғат асяында өткен шара шымылдығы әсем әнмен ашылды. Шарада сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева мен Казталов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеуов сөз алып, қызмет алушыларды мерекемен құттықтады.
- Құрметті шараға қатысушы ата-ана мен балалар! Мейрам қарсаңында сіздермен қауышқанымызға қуаныштымыз. Бала – адамның бауыр еті. Ерекше балаларды тәрбиелеп, мәпелеп отырған сіздер мықтысыздар. Оларға бар жақсыны, бар тәттіні алдына тосып, әрі қарай қалыптасуына мүмкіндік туғызып, жағдай жасап отырған сіздерге алғысымызды білдіреміз. Балаларыңыздың дендеріне саулық, балалық шақтары бақытты, болашақтары жарқын болсын, -деген жылы лебіздерін білдірді.
Ашық аспан астында, әсем табиғат аясында өткен шарада әлеуметтік қызмет алушылар түрлі ойындарға белсене қатысты. Олар екі топқа бөлініп, «Кім жылдам?», «допты жерге соғып бірінші келу», «Кім мерген?» сынды қызықты да тартысты ойындар ойнатылып, «көктер» командасы жеңімпаз атанды.
Шарада ерекше балалардың тұла бойы өнерге тұнғанын байқадық. Бірі әсем әннен шашу шашса, енді бірі би билеп, шара көркін қыздырды.
Мерекелік шара соңында балаларға дастархан жайылып, балмұздақ таратылып, тәттілер тарту етілді.
Ауданның әр ауылдық округінен жиналған қызмет алушыларға мейрам қарсаңында мерекелік көңіл күй сыйлаған айтулы шараға демеушілік жасап, қолдау білдірген «Жалпақтал-көмек» қоғамдық қорының директоры А.Кәкімовке, Жк «Әсел» жетекшісі, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамиля Сұпығалиеваға, Казталов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеуовқа, жеке кәсіпкер Абылай Шакуовқа алғысымызды білдіреміз.
Әсем Болат,
Казталов ауданы