Елімізде орын алып жатқан жағдайға байланысты Казталов ауданының орталығында жастар, Казталов мектеп-лицейі, А.Оразбаева орта мектептері мен аудандық балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығы, аудандық пробация қызметкерлері бірігіп, ерікті түрде аудан тұрғындарына дерттен қорғанудың шаралары жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 400-ден аса тегін бетперделер таратты.
Айта кету керек, "Тұғырым" аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансұлу Мақсотова мен жеке кәсіпкер Сара Құлмұханова да бұл істен қалыс қалған жоқ. Өз қолдарынан бетперделер тігіп, көмек қолдарын созуда.
Ақбота Сәрсенова, Алма Оразбаева орта мектебінің аға тәлімгері: - Елімізді дүр сілкіндірген пандемиялық сипат алған дерттің алдын алу мақсатында ауданымызда көптеген іс-шаралар атқарылуда. Соның айғағындай мектептерден жиналған еріктілер тобы технология пәнінің мұғалімдері тіккен бетперделерді тұрғындарға таратып, қайырымды істің басын қайырды. Белсенді жас ретінде бұл жағдайға тамшыдай болсын үлесімізді қосқымыз келеді.
Гүлмай Базартаева, ауыл тұрғыны: - Әлемді шулатқан дертке қарсы аудан жастары ерікті түрде тегін бетперделер таратып, түсінік жұмыстарын жүргізуде. Жастардың бұл игі ісіне риза болып, шексіз алғысымызды білдіреміз.
Жансұлу Мақсотова, "Тұғырым" аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
- Бұндай жағдайда әрбір адам қолынан келгенше көмек көрсету қажет. "Тұғырым" аналар қоғамдық бірлестігінің атынан күніне 50-60 шақты бетперде тігіп, тұрғындарға таратып жатырмыз. Осындай игі акциялар жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр.
Сара Құлмұханова, жеке кәсіпкер: - Тұрғындарға ерікті түрде бетперде тігіп, қолымнан келген көмегімді көрсетіп жатырмын. Бетперде мәрліден екі қабаттап тігілуде. Күніне 50, тіпті 90-ға дейін тігіліп, үлестірілуде. Ең бастысы сақтық шараларды қолға алып, аурудан аулақ болайықшы, - деді.
Әсем Болат
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер