29.01.2025, 16:30
Оқылды: 71

Ерінбегеннің ертеңі айқын

Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округі мемлекеттік бағдарламаларды орындауда айтарлықтай табысқа жетіп келеді. Өз күндерін өздері күйттеп, ешкімге алақан жаймаудың үлгісін көрсетіп келе жатқан ауыл халқының тірлігі көпке мәлім. Жуырда округте өткен жылдың жұмысын саралап, алдағы күндерді бағдарлаған жиын болып өтті.

Изображение WhatsApp 2025-01-24 в 11.59.03_f1fec81b

Сөз алған ауылдық округ әкімі Светлана Байтенова өткен жылғы жұмыстарға шолу жасады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Ақжайық» АҚ арқылы «Ауыл халқының табысын арттыру» бағдарламасы бойынша 2023 жылы 8 ауыл тұрғыны 36 млн 336 мың теңге көлемінде  несиеге қол жеткізіп, 39 бас сүтті бағыттағы ірі қара малын, ал 2024 жылға аталған жоба аясында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 1 адам 9 млн 230 мың теңге несие алып, құрал-жабдықтарын сатып алды (шиномонтаж ашу). А.Мендиева – 7 млн 400 мың көлемінде алған несиеге 12 бас сүтті бағыттағы сиыр сатып алып, бүгінде округте сүт өнімдерін саттыққа шығарып, аудан көлеміндегі  жәрмеңкелерге қатысып келеді.

Жоба аясында 2023 жылы несие алған 8 тұлға - 8 жұмыс орнын ашса, 2024 жылы 2 жұмыс орны құрылды. Несиеге қол жеткізген 10 ауыл тұрғыны мемлекеттік кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салықтарын (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) төлеуде. 3 ауыл тұрғыны жұмыссыздар санатынан өзін-өзі қамтушы санатына ауысқаны сүйінішті жәйт. Алдағы уақытта осы ауыл тұрғындары АШӨК (Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің) құрамына кіріп, асыл тұқымды мал құжаттарын алуды жоспарлауда. «Масқар», «Айтөре» жеке кәсіпкерлері ауыл, аудан көлеміндегі жәрмеңкелерге қатысып, жұртшылықты сүт өнімдерімен қамтып отыр.

Жыл басынан бірнеше рет ауыл тұрғындарымен аталған жобаны ақпараттық қолдау, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары осы жиында мал қорымына арнайы жер учаскесін мақұлдады. Ауыл тұрғындары атынан сөз алған М.Исламбеков, Н.Даулетияров ауылдағы ағымдағы жұмыстар барысы туралы өз ұсыныстарын білдірді. Осы басқосуда интернет аялақтық, ауылдағы күл-қоқысты шығару, көшені таза ұстау мәселесі туралы ауылдық учаскелік инспекторы Шыңғыс Зұлқашев баяндады.

Жалпы атқарылған жұмыстарға мемлекеттік бағдарлама аясында жәрдем алған ауыл тұрғындарының көңілі тоқ, өз отбасыларын асырап қана қоймай, қосымша жанұя бюджетін де толтыруға мүмкіндік алуда. Бұған қоса жұмыс орындары ашылуының өзі жұмыссыздықты болдырмауға бірден бір сеп. Ақбұлақтықтардың алдағы күндерге сенімі нық. «Алма піс, аузыма түс» деп қиял қумай, нақты әрекет еткеннің қарны тоқ, қалтасы қалың болатынына әлдеқашан көздері жеткен.

                   Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале