1989 жылдың 15 ақпаны Ауғанстаннан әскеріміздің толықтай шығарылған күні. Міне, биыл Ауған жерінен әскеріміздің шығарылғанына 36 жыл. 1979 жылдың желтоқсанында басталып, арты 10 жылға ұласқан соғыс көптеген адамның өмірін өзгертті.

Елімізден Ауған соғысына қатысқан 22000 адамның 761-і қаза тауып, 21-і хабарсыз кеткен. Мыңнан астам жауынгер өз туған жеріне оралып, соғыс уақытында алған түрлі дене жарақаттарының кесірінен ауырып, қаза болған. Қаза болғандардың қатарында 28 жерлес жауынгеріміз бар.
Ақсай қаласының «Наурыз» саябағында Ауған жерінде қаза болған қандастарымызды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қою шарасы өтті. Саябаққа жиналғандар 1 минут үнсіздік жариялап, қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Саябақтағы шарадан кейін аудандық мәдениет үйінде «Ерлікке тағзым» атты салтанатты жиын өтті. Кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды.
Және Ауған жерінде батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестерімізді ҚР Қорғаныс Министрінің БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 36 жыл» төсбелгісімен және ауданымыздың қоғамдық шараларға атсалысып, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі қосқан үлестері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында Юрий Касаткин, Әлібек Ниталиев, Жоламан Утиев, Сергей Мищенко, Александр Мищенколар бар.

Сонымен қатар «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Вероника Пермитина, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы, подполковник Бекенғали Қарасаев және Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамының төрағасы Хадиахмет Кутлугильдиндер сөз сөйлеп, кеш қонақтарын марапаттады. Салтанатты жиын әрі қарай аудандық демалу орталығы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы