Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған іс-шаралар легі Шыңғырлау ауданында жоғары деңгейде өтті. Мереке күні ауданның орталығында 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шеру ұйымдастырылды.

Онда ең алдымен аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев бастаған ардагерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары мен мекеме басшылары, қызметкерлер және аудан тұрғындары «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр бабалар мен Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданда ерлікпен қаза болған Шыңғырлаулық ардагерлердің әзіз рухтарына тағзым жасап, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сөз жоқ, Ұлы Жеңіс – қасиетті Отанды қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгілік жазылып қалғаны анық. Ар мен намысты, Отанға деген адалдық, туған ел мен туған жерге деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батыр бабалардың қаһарман рухына тағзым – ардақты парызды орындап, асқақ даңққа қосқан үлесіміз болмақ.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынғали Имашев сөз сөйлеп,барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Ұлы Жеңіс күнінде – батыр бабалардың ерлігіне тағзым етудің, бабалар ерлігін жас ұрпаққа аманат етудің маңызы өте зор. Бұл – бейбітсүйгіш халқымыздың ерлігі мен төзімінің, батырлардың жанқиярлық күресінің мәңгілік естелігі.

Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдық пен жанқиярлық – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Отан үшін от кешіп, бейбіт күн үшін жанын қиған батырларды жас ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Оларды жыл сайын еске алып, рухына тағзым ету – біздің басты парызымыз.
Ата-бабалардың жанқияр ерлігімен келген жеңістің тарихи маңызы ұрпақ санасында мәңгілік сақталады.
Светлана Ешмат
Шыңғырлау ауданы