8.02.2022, 18:00
Оқылды: 57

Есеп беру жиыны басталды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылдың 5 ақпанындағы №190 «Орталық атқару органдары басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесуі өткізіліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беруі белгіленген болатын. Осыған байланысты Жаңақала ауданы әкімі Дархан Закариннің және ауылдық округ әкімдердің биылғы есеп беру кездесуі Жаңақазан ауылдық округінен басталды. 

IMG-20220208-WA0059

Аталмыш жиынға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Айдар Қаресов, аудандық «ҚазТрансГазАймақ» директоры

Ануар Ибрашев және ауылдық округтегі тұрғындар қатысты. Есепті кездесудің күн тәртібінде бекітілген бір мәселе бойынша Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Әлібек Лұқпанов мінберге көтеріліп, 2021 жылы атқарған жұмыстары және алдағы тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

- Баршаңызды келіп жеткен жаңа 2022 жылмен құттықтай отырып, өткен  жылғы есепті кездесудегі тұрғындар тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталып өтсем. Жаңақазан ауылына кірме жолдарды күтіп ұстау: Кірме жолдарды күтіп ұстау күнделікті күн тәртібінен түскен емес. Алдағы уақыттада бұл жұмыстар жалғасады. Өрт сөндіру бекетінің жұмыстарын жандандыру, көлік жүргізушісін тұрақтандыру: қаражатқа байланысты бұл мәселе тоқтап тұр.

Кедейшілік, жұмыссыздықпен күрес және халықты әлеуметтік қамту бағдарламалары бойынша да бір қатар жоспарлы жұмыстар жүзеге асты. Жалпы Жаңақазан ауылдық округі бойынша жұмыссыздар тізімінде 98 адам, тұрақты жұмысқа орналасқандар 45 адам, Жастар тәжірбиесімен 8 адам, маусымдық жұмыстарға 30 адам, әлеуметтік жұмыс орны 1 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа жыл бойына 175 адам тартылды. 15 отбасы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алады. 6 азамат қайтарымсыз несие алып, өз кәсіптерін ашты. 2022 жылы алда тұрған міндеттер: Округ бойынша асыл тұқымды отандық МІҚ  малдарды сатып алу жұмыстарын ұйымдастыру, жалпы ауыл шаруашылық жұмыстарын жандандыру. Ауылдық округ бойынша кәсіпкерлік саласын әрі қарай дамыту. Аз қамтылған отбасылармен жұмыстарды жүргізу. Округ бойынша абаттандыру жұмыстарын жүргізу, елді мекендерге көше  жарықтарын орнату, үй үйге ауызсу тарту жұмыстарын жалғастыру. Ауылдық округтің тазалық жұмысын басты мәселеге қою, - деді Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Ә.Нариманұлы. Одан кейін аудан әкімі Д.Әмірханұлы сөз алып, тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді.

IMG-20220208-WA0058

- Президент Қ.Тоқаев тұрғындармен ашық түрде кездесуді жариялаған болатын. Бұрынғыдай «халық әкімге емес, әкім халыққа» деген ұстанымды ұстау керек деген тапсырма берді. Соған байланысты есепті кездесудің форматын биылғы наурыз айнынан бастап, қайтадан өзгерту қолға алынып жатыр. Дегенмен, біз наурыз айына дейін халықпен кездесіп, мәселелерін білу мақсатында есепті кездесуді ертерек бастап кеттік. Мінберге шығып, аудандағы атқарылып жатқан істі, алда тұрған жұмыстарды статистикалық мәліметтермен тізбектеп айтудан аулақпын. Онсызда әлеуметтік желі, газет-журнал, басқа да ақпараттық құралдардан біліп отырсыздар, хабардарсыздар. Сондықтан тікелей сіздермен қарым-қатынас орнатып, мәселелеріңізді айтуларыңызды сұраймын, - деді аудан басшысы Дархан Әмірханұлы. Одан әрі ауыл тұрғындары ұсыныс пікірлерін, сауалдарын жолдады. Атап айтсақ, Мейрам Берденов қазіргі таңдағы өзекті мәселе – су, жолдың сапасы жөнінде, Аида Ғұбашева ауылдық округте тұрақты учаскелік полиция жоқтығын айтты. Себебі ауыл ішінде кәмелет жасқа толмаған балалардың көлік айдайды. Осы мәселені тоқтатып, тексеріс жүргізуін, қажетті шара қолдануын сұрады. Лұқпан Ишанғалиев Әйіпсай елдімекеніне газ, су керектігін айтты. Ралида Жұмағалиева жарықтың әлсіздігін, кешкі уақытта балалардың сабақ оқуға қиындық туғызатынын, Айдынғали Оңаев қоқыс мәселесін, жекенің малына жайылыс жоқтығын жеткізсе, Аманжол Қаратағанов жедел жәрдем көлігінің жүруінен, тұруы көптігін айтып, қажетті құралдарымен қамтамасыз етіп, көмектесуін сұрады. Жұмагелді Әлікешов газдың қажыған жолағы туралы мәселені көтеріп, аудандық «ҚазТрансГазАймақ» директоры Әнуар Ибрашевқа ұсынысын білдіріп, жауап алды. Жиын соңында өткен жеке қабылдауда Абай Молдашев аудан әкіміне көшеде бұралқы иттің көптігін айтып, соған бір шара қолдануын сұрады. Аудан әкімі Дархан Әмірханұлы есепті кездесуде айтылған сұрақтарға жеке-жеке тоқтала отырып, тұшымды жауап берді. Айтылған ұсыныстарды қабылдай отырып, қажетті шараларды жасайтынын айтты. Сондай-ақ ауылдық округ әкімі Әлібек Нариманұлына тапсырма беріп, қадағалауды тапсырды.

Жаннұр Берікқызы, 

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале