5.07.2023, 17:00
Оқылды: 28

Есептік кездесуден кейінгі Жақсыбай

Жығылғанға жұдырық

 

Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов Жақсыбай ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барды. Есептік кездесулерде айтылған мәселелердің сөз жүзінде қалмай, нақты іске асуын назарда ұстаған аудан басшысы іссапарын Тұрсын Осатов жетекшілік ететін "Байсал" шаруа қожалығынан бастады.

ЖП Жәнібек (1)

Неге десеңіздер, киіктен енді ғана көз ашып, қиындықтарға мойымай, қысқа азық жинауға кіріске шаруаның еңсесін шегіртке тұқымдас зиянкестердің асыр салуы түсірді. Маңдай терімен ауыл шаруашылығына бет бұрып, ауданның дамуын көздеген жетекшінің 60 гектар жерінің жартысын, яғни 30 гектарын шегірткелер түк қалдырмай басып алған. Айтуынша, маусым айының жиырма бірі күні облыстан арнайы мамандар келіп улаған. Дегенмен жәндіктер оған міз бақпайды. Сол бойда жапа-тармағай қырылып қалғанымен, қайта бой көтерген. Қарапайым шаруаның сұрары тағы да осындай қарекет. Ол киіктен қорғану үшін бақандай 3 млн теңге ақшасын жұмсаған. Жығылғанға жұдырық болған шегіртке кесірінен ақ бидай мен арпа жарамсыз қалған. «Аудан дамуын алға сүйрейтін ауыл шаруашылығының жағдайы не болмақ», - деген арыз-талабын жеткізген жетекшіге аудан басшысы өзекті түйткілді шұғыл түрде алдын алу үшін аянбай қызмет атқаратынын айтты. Сұрақ көп. Сұрақпен бірге аудан әкімінің өзі қадалаған істе жылт еткен үміттің бары да жасырын емес.

Жақсыбай жырақ жатқанымен...

 

 Аудан халқына белгілі ауыл ит арқасы қиянда жатқанымен, үздіксіз даму үстінде. Ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту мақсатында аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, 1-7 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынса, бүгінгі таңда фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы басталды. Бұл мәселе аудан әкімінің есептік кездесулерінде талқыланды. Тұрғындар аттай қалап, өзге ауылдардағыдай ем алатын орталықтың керегін айтқан болатын.

ЖП Жәнібек (2)

Мемлекеттік сатып алудың нәтижесінде «Альтаир» ЖШС жеңімпаз атанып, құрылыстың маңызды жұмыстарын бастап кетті. Аудан басшысы да сол орыннан табылып, қызу іске кіріскен жұмысшылармен әңгімелесті. Жоба жетекшісі Мерей Қылмырза:

- Іргетасын қалау, айналаны қоршау сынды әрекеттерді бастап кеттік. Ауыл халқы асыға күткен орталық жұмысының басталғанына бір апта болды. Әзірге ауа-райының қолайсыздығы болмаса, өзге кедергілер жоқ. Сапа ең бірінші орында. Әсіресе, тұрғындар ем алатын ғимарат болған соң жұмысымызды тиянақты атқарамыз, - дейді жоба жетекшісі.

ЖП Жәнібек (3)

 Құрылыстың жүзеге асуына 300 млн теңге бөлінген. Ауыл әкімі Алмат Қаратаевтың айтуынша, ауыл ақсақалдары үнемі бақылып отырады. Елдің көз алдында салынып жатқан пунктті аудан әкімдігі де қадағалайды. Қай кезеңде де ауылдың сәні – жастар. Ал жастар қаланы аңсамай, ауылда да аңсаған армандарына жете білсе, нұр үстіне нұр. Осы орайда аталған ауылда спорт кешені бой көтермекші. Аудан мен ауыл әкімдігінің және тұрғындардың пікірі бір жерден шығып, Жақсыбайға кіре бергендегі ұлан-ғайыр жер спорт кешеніне бұйырады. Сарыөзеннен Жақсыбайға тікелей су айдау жұмысының да құжаттары әзір болып, жоба жасақталып жатыр. Қазақстан Республикасы ҰҚК шекара қызметі 2036 әскери бөлімі «Жақсыбай-Петропавловка» шекаралық өткізу пунктінде не жарық, не жылу жоқ деп дабыл қаққан шекарашылардың үніне құлақ түрген аудан басшысы бұл түйткілдің де шешімін тапты. Қысқасы, Жақсыбайдағы жақсы жай тұрғындарға қуаныш сыйлап, көңілін жайландырды.

Аудан әкімі Тимур Серікұлы жүздесудегі өзге ауылдарда айтылған мәселелер бойынша да жоба жасақтап, бақылауда ұстайтынын жеткізді.

 

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале