Осыған дейін Тасқала аудандық «Екпін» газеті ментальді арифметикадан Дубайда өткен олимпиадаға қатысып, жүлделі бірінші орынға қол жеткізген мерейлік оқушы Есқайыр Бакесов жөнінде мақала жариялаған болатын.
Жақында Есқайыр тағы да жақсы жаңалықтың жаршысы болды. Ол маусым айының соңында Түркиядағы Алани қаласында ментальді арифметикадан өткен халықаралық турнирге қатысып, 4 деңгей бойынша жүлделі бірінші орынға қол жеткізіп, облыс намысын қорғап қайтты.
Сонымен қатар Есқайыр бұл байқауда өзгелерден оқ бойы оза шауып, бас жүлде – «Супер чемпион» кубогын қоса жеңіп алды.
Бұл кубок Қазақстан бойынша алғаш рет Есқайырға бұйырған екен. Айта кету керек, аталмыш шараға Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Румыния, Үндістан, Қырғызстан елдерінен келген жас математиктер қатысты.
Ел намысын қорғап қайтқан Есқайыр болашақта бағдарламашы болуды армандайды. Қазіргі таңда ол Орал қаласындағы «Smartum» интеллекті дамыту орталығында ментальді арифметикадан қосымша білім алып жүр.
Назгүл Серік,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz