19.05.2022, 15:59
Оқылды: 79

Ескерілмей қалған ардагер

1985 жылдың қыркүйегінде Жаңақала кеңшары коммунистерінің жалпы жиналысында бірауыздан сайланып, комитеттің хатшысы қызметін атқарып жатқан уақыт еді. Кабинетке ұзын бойлы, қапсағай денелі, жасы 70-ке таяған, бірақ бойын әлі тік ұстайтын қария кіріп келіп, комитет хатшысының жаңа жұмысына тілек тіледі.

72D21B1B-F487-4B9F-9F15-3C432C7465AC

«Мен сенің әкең Бисенғалиев Өтешқалимен бірге сонау 50 жылдары Мәстексайда МТС құрылысында, Ленин ұжымшарында қызметтес болғанмын. Жұмысты жақсы істе!» - деп кабинеттен шығып кетті. Кейіннен сұрастырсам шындығында заманның сан алуан қиын тұстарында әкеммен қызметтес болған, осы жердің байырғы тұрғыны Жұмағалиев Мақсот қария екен. Қарияның өмір деректеріне көңіл аударатын болсақ, ол Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала уезі №8 Тұрдығұл ауылдық кеңесі территориясында 1918 жылы дүниеге келген. Сол жердегі мектепті бітіргеннен кейін заманның қиындығына орай еңбекке ерте араласты. Жалпыға бірдей ауылдағы таусылмайтын еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін кірбің тұрмыстың жетегінде болды. Ел үшін, Отан үшін, халық үшін деген девизбен өмір қазанында қайнады. Кішігірім жылғадан басталған күйбелең тіршілік үлкен өмір арнасы оны арналы өзенге, теңізге үйіріп әкетті.

Өмір қиындықтары шыңдады

1937 жылы ұжымшардағылар ұжымшар төрағасы етіп сайлады. Сөйтіп Мәкең 1937-1939 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Тұрдығұл ауылдық кеңесі аумағында орналасқан «Екпінді» ұжымшарында 2 жыл төрағалық етті. Әрине, ел басқару ісі оңайға соққан жоқ. Басқарудың тетігін тез қалпына келтірген жас жігерлі басшы ел адамдарының алдында көріне білді.  Ал 1939 жылы ол қызыл әскерге шақырылып, 1940 жылға дейін Белорус әскери округінде 205 гаубицалық артиллериялық полктің қызыл әскері қақында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. 1940-1941 жылдары Балтық жағалау әскери округіндегі 140 гаубицалық артиллериялық полкінде қызыл әскер болып, дайындықтан өткен. 1941-1943 жылдары Мәскеу, Волгаград әскери округінде танкке қарсы оқ ататын зениталық 861 ауыр қарудың командирінің орынбасары, командирі қақында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді. Ал 1943-1944 жылдары Воронеж, Батыс майдандарында танкіге қарсы оқ ататын артиллериялық дивизонда 755 ауыр қарудың командирі болып әскери қызметін абыроймен атқарады. Оның ұрыс даласында Отан қорғаудағы ерен еңбегін ескере отырып, Тацин гвардиялық танк корпусы партия комиссиясының шешімімен 1944 жылы сәуір айында СОКП қатарына мүшелікке қабылдады.

1944-1946 жылдары Челябі қаласында ауыр артиллерия №33 оқу полкінде батарея старшинасы болып Ұлы Отан соғысын аяқтайды. 1946 жылы соғыс аяқталғаннан кейін елге аман-есен оралады. Ал 1947-1949 жылдары жаппай ауыл шаруашылық кадрларын толық дайындықтан өткізу курсын Орал қаласында өтеді. 1949 жылдан бастап үздіксіз бүгінгі Мәстексай, Жаңажол, Жаңақала кеңшарларының сол кездегі ескі құрылымдарында зоотехник, ферма меңгерушісі, мұнай базасын меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. Ол соғыс кезіндегі ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбегі үшін көптеген орден-медальдармен марапатталған. Оның ішінде: ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Германияны жеңгені үшін» «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 25 жыл», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Үкімет пен ауыл шаруашылық құрылымдары Мақсот ағаны қандай жұмысқа жұмсаса да, ол мойыған адам емес. Қайта жігерлене түсіп, осы қызметтің бәрін абыроймен атқара білген жан.

4543F08A-FB7A-4835-8C45-71D5699C3645

Ұлы Отан соғысы және жасампаз еңбек ардагері Жұмағалиев Мақсот 1999 жылы 81 жасында өмірден өтті. Кезінде өндірісте, тұрмыста адамдармен кездескенде өте қарапайымдылық таныта білді. Артына жақсы істері мен қатар салиқалы сөздерін тастап кетті.

«Жақсылыққа тасыма,

Қиындыққа жасыма,

Бақыт тіле бағым деп,

Бас иеңнің басына» деп ақыл сөзін айтып жүретін еді.

Оның саналы өмірін бұл күнде қыздары Хамия, Сахимадан, ұлы Серіктен өрбіген 13 немересі мен 24 жиен-шөбересі жалғастыруда. Мақсот әкенің беделі мен абыройлы қызметі Мәстексай, Жаңажол, Жаңақала шаруашылық құрылымдарында сол кезде бірге қызметтес болған Меңдібай Мырзабаев, Салық Дүйсеғалиев, Серік Қарақұлов, Жұмағали Сүлекешов, Әжібай Әубекеров, Әпекен Жүсіпова, Аманғали Әжимов, Орынғали Тілеубергенов, Дүйсенбай Суқанов, Нәсіпқали Бекесов, Файзолла Қошқарбаев, Дүйсенбай Кенжеғалиев, Рақым Дәулетов, Ораз Айтқалиев сынды танымал азаматтардың ортасында өтті. Оны көре қалған кейінгі буын еңбек ардагерлері Серікбай Әйіпов, Меңдібек Зейнеуов, Жетпіс Оңғаров, Рамазан Бірімжаров оның қызметін жоғары бағалап, үнемі ризашылықпен еске алады. Ақсақал абыройлы да ардақты өмір сүрді. Бұл күнде оның өмірі мен Отан қорғаудағы ісі өз елінің халқының абыройын жоғары қоя білген нағыз патриот аға ұрпақтың өкілі ретінде кім-кімге де үлгі. Өмірде жинақталған таусылмас күш-қайратын, ақыл-ой іс-тәжірибесін өз халқының жарқын болашағы мен игілігіне арнап кеткен қарапайым аға ұрпақтың өкілі. Сұрапыл соғыста жаумен арпалысып, ел қорғаған жауынгер, бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы құрылымдарын ұйымдастыру мен дамытудың хас шебері атанған Жұмағали Мақсоттың есімі жасай бермек.

Тыныштық Өтешқалиев,

өлкетанушы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале