Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға айтулы тұлғаның немересі, ҚР Австрия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай бастаған ұрпақтары және облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, лингвист ғалым, аудармашы, ақын, журналист, жазушы, әдебиеттанушы, сыншы Шамғали Сарыбаев 1893 жылы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Ол - еліміздің тарихы мен мәдениетіне, әдебиетіне өшпес із қалдырған тұлға.
- Танымал ұстаздар отбасынан шыққан қонақтарымызға қош келдіңіздер дейміз. Шамғали Харесұлы - 20 ғасырдың басында алфавиттер құру жұмыстарына араласып, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытудың ғылыми негіздерін қалаған тарихи тұлға. Ғалым әрі педагог Шамғали Харесұлының өмірі мен ұстаздық қызметі кәсібиліктің, мәдениеттіліктің және Отанға деген махаббаттың айшықты үлгісі болып табылады. Шамғали Харесұлының ұлы Шора Шамғалиұлы да ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, еңбегі сіңген ғылым қайраткері, көптеген зерттеу еңбектерімен танымал ғалым болды. Біз бүгінгі дәстүрлі тарихи сабақтастықты үзбей,ел ағаларының ерен еңбегін, шығармашылық табыстарын, ұстаздық жолын есте сақтау үшін жиналып отырмыз. Ағаларымыздың өнегелі өмірбаяны өскелең ұрпаққа мирас болып қалатынына сенім білдіремін, - деді алдымен сөз алған Ғұбайдолла Абдоллаұлы.
Басқосуда ғалымның тіл білімі саласын дамытудағы сүбелі еңбегі жан-жақты айтылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университеттің құрметті профессоры, танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева бабаларының ізі сайрап, ғылыми қызметі қанат жайған мекенге аяқ басқан ғалымның ұрпақтарына жылы лебізін білдірді. Ал филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақзия Ниязғалиева биыл Шамғали Харесұлының ағартушылық саласындағы ізін жалғаған ұлы Шона Сарыбаевтың биыл дүниеден өткендігін айтып, «Ұстаз ұлағаты: ғылымдағы жарық жұлдыз» атты баяндама жасады. Ол өз сөзінде санаулы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған, әйгілі тіл танушы ғалым, академик Шора Шамғалиұлының диалекетология, алтайтану және ғылыми библиография жасау мәселелеріне арнаған еңбектерін атап өтті. Шамғали Сарыбаевтың ғылыми-әдістемелік мұрасына тоқталған БҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев Қайрат Шораұлына өзінің «Шешен сөйлей білеміз бе?» атты кітабын тарту етті. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева да ой-толғамын ортаға тастады.
- Біздің келгендегі мақсатымыз - аталарымыздың кіндік қаны тамған жерлерді, өмірі мен қызметіне қатысты елді мекендерді көру. Бір әулеттен бірнеше ғалым, ұстаздардар шыққаны Сарыбаевтардың ерекшелігі емес, бұл Орданың, Жайықтың ерекшелігі дер едім. Осындай топырақтан нәр алмаған адам өзінің өрісінен шыға алмайды. Бұл басқосуда айтылған салиқалы әңгіме үлкен көштің басы деп ойлаймыз. Биыл 26 қазан күні Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлтық педагогикалық университетінің бастамасымен Шамғали Сарыбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға университет ұстаздарын шақырамыз. Онда да бүгінгідей мән-мазмұны терең баяндамалар оқылады деп күтеміз, - деген Қайрат Шораұлы баяндамашыларға, басқосуды ұйымдастырушылар мен облыс басшылығына алғысын білдірді. Шамғали Харесұлының немересі Майра Сарыбай ғалымның және өзінің жазған кітаптарын жоғары оқу орнының кітапханасына тарту етсе, келген қонақтарға да сый-сыяпат табыс етілді.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»