Тасқала ауданы орталығына «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров жұмыс сапарымен келді. Аудандық әкімшілік ғимаратында болған жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауедин, сала басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
- Сіздермен көктемнің шуақты күнінде жолыққаныма қуаныштымын. Тасқала ауданына келіп, сіздермен жүздесіп, көкейлеріңізде жүрген ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдайын деген оймен осы жерге табан тіредім. Өздеріңіз әлеуметтік желі немесе көгілдір экран арқылы жаңалықтардан көріп жүргендеріңіздей, қазіргі таңда кейбір елдерде қиыншылық белең алуда. Тіпті соғысып та жатыр. Қазіргі кезде босқындардың қатары көбейіп, елінен кетуге мәжбүр. Бұның бәрі неден деп ойлайсыздар? Себебі идеологияның жетіспеушілігінен. Халыққа ақпараттың дұрыс бағытта жетпегендігінен, айналып келгенде үлкен мәселеге ұшыратып отыр. Шаңырақ шайқалайын десе аяқ астында. Ал оны ұстап тұру үлкен қажырлы еңбекті талап етеді. Елдің бірлігі мен тыныштығы сіз бен біз секілді қызмет жасап жүрген жандардың қолында. Қазіргі жастар әлеуметтік желідегі ақпаратты көріп алып, соны дұрыс санайды. Сондағы жаңалықтарға көбірек сенгіш. Ал оның ішінде дұрысы да бар, дұрыс емесі де бар екенін естен шығармауымыз керек. Айдап салу, арандату, ел мен елді шатыстыру, соның бәрі де бұлыңғыр ақпарат көздерінің кесірінен болып жатқан дүние. Егер халыққа нақты, әрі шынайы дұрыс бағыттағы ақпарат жеткізілсе, Украина және басқа да елдер бұндай қиындыққа тап болмас еді. Тіпті алысқа бармай-ақ өзіміздің елімізде де қаңтарда соғыс болып кете жаздады емес пе? «Қантар оқиғасы» бірнеше отбасыға залалын тигізіп, бірнеше қалаларға кері әсерін берді. Бұлда елімізде идеологияның жетімсірегендігіне әкеліп тірейді. Ақпараттық насихат дұрыс жүргізіліп жатқан болса, ол ел ешқашан құрдымға кетпейді. Керісінше дамығанның үстіне дами береді. Бірнеше ауданда әкім болып қызмет атқардым. Одан да басқа қызметтердің ішкі қазанында қайнадық. Өстік, тәжірибе жинадық. Енді сол азды-көпті тәжірибеммен бөліскенді жөн санаймын. Елдің берекесі мен тыныштығын тілеймін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болу үшін елге адал қызмет жасауымыз керек», - деді Табылғали Сатқалиұлы.
Жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез сөз алып, Тасқала ауданы жөніндегі материалдар облыстық газеттерге шықпай, кенже қалып жатқандығын алға тартты. «Ауданның тыныс-тіршілігі мен қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарын облыстық газеттердің беттерінен көргіміз келеді. Өзге аудандар апта сайын, тіпті аптасына екі рет облыстық газеттердің бетіне жарқырап шығып жатады. Ал тасқалалықтарға аталған басылымдардан орын жоқ секілді. Оқушыларымыздың жетістігі мен ұстаздардың еңбегін айтпағанда, осы өңірдің дамуына бірден-бір үлес қосқан еңбек ардагерлеріміз бар. Соларды жарқыратып облыстық газеттерге беріп отырсақ, үлкендеріміз де марқайып қалар еді. Өкінішке орай ол өтінішіміз орындалмай отыр», - деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез.
Қос облыстық газет пен 12 аудандық басылымның басын біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры аяқтай келіп отырғаннан кейін жиын барысында ұсыныс-пікір білдіргендер де табылып жатты. Жазылым кезінде қызметкерлердің тізімін ретке келтірсек дегенде ұсыныстар болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков та өз ойын ортаға салды. «Тасқала ауданынан электронды пошта арқылы жіберілетін материалдардың сапасы сын көтермейді дегенге түбегейлі келіспеймін. Біздің жігіттер де барынша жұмысын жасап жатыр. Бірақ сапасына бола білдей бір ауданның жаңалықтарын газет бетіне баспау дегенді өз басым ерсі көремін. Бұл жерде әңгіме тек материалдың сапасында емес, көзге көрінбейтін нәрселер де бар сияқты. Оны зерделеп, анықтау керек», - деді Жәрдемғали Абуғалиұлы.
Осындай диалогтардан кейін «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры газетке жазылу кезінде тасқалалықтар алдыңғы қатарда келе жатқандығын айтып, жиынға қатысқандарға алғысын білдірді.
Сөзімізді түйіндей келе, «Жайық Пресс» медиахолдингі басшысының қатысуымен өткен жиын да біраз мәселе айтылып, көкейлерінде жүрген сұрақтарға тиісті жауаптарын алды. Саясатты дұрыс бағытта жүргізу үшін сауаттылық қажет екендігін айтқан аталмыш мекеме басшысы елдің тыныштығын тілейтіндігін жеткізді.
-Ұрпағымыз бақытты өмір сүруі үшін қазірден бастап терең ойлануымыз керек,- дегенді де атап өтті Табылғали Сатқалиұлы.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz