- Президентіміз «Ана тілі» газетіне берген бүгінгі сұхбатында еліміздің бүгінін бекемдеп, ертеңін нығайту мақсатында атқарылған қам-қарекетті, алдағы уақытқа жоспарды кеңінен баяндады. Сонда халқымыздың бірлігін көрсеткен, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы елеулі «Таза Қазақстан» акциясын ерек атап өтті.
Біз «Таза Қазақстан» акциясына неліктен белсенді қатысуымыз керек – осы жөнінде ой-пайымымды бөлісуді мен де жөн көрдім.
Көшелеріміз, жол бойы, бүкіл төңірек жүріп-тұруымызға ыңғайлы болғанын, айнадай тазалық орнағанын, әрине, бәріміз қалаймыз. Елімізде Президентіміздің бастамасымен былтырдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясы осы орайда мемлекеттік маңызды шараның бірі болып табылады. Қоршаған ортамыздың, ауылдарымыздың көркем де келісті келбеті – кең байтақ жеріміздің және бүкіл халықтың, түсіне білсек, абыройы, беделі, мерейі. Аталмыш акцияны ынта-ықыласпен қуаттаған мыңдаған азаматтарымыздың экологияны сауықтыру жөнінде бастамалары көңіл өсіреді. Әлде де барша тұрғын, ұжымдар болып, істі жүйелі де тұрақты атқаруға жұмылғанымыз абзал.
Бұл жерде Мемлекет басшысы толтырып тал егіп, «міндеттен» құтылуды айтып отырған жоқ. Реттілік, жайлылық елімізде орнап, тазалыққа түгел ұлт болып ұйыссақ, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына осылай сіңірілетіні турасын меңзеп отыр.
Негізінен, көріктендіру, тазалық, экология қамы – жүйелі түрде табандылықпен орындайтын төл міндетіміз. Табиғат-анамызға жанашырлық өрістесе, халқымыздан бұл ретте белсенділік, жаңа бастамалар көрінсе, береке-бірлік деген сол.
Гүлбану Құлмұқанова
Ақжайық ауданы