Ақжайық аудандық балалар шығармашылығы орталығы жанындағы «Izo talant» үйірмесі көптеген өренді көркемсурет саласына баулып жатыр.
Суретте Гүлназ ұстазы Қайсар Сисенғазиевпен бірге
Аудан орталығындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Гүлназ Есмағзомқызы – қылқалам билік ететін өнер әлемінің қыр-сырын меңгеруде табандылық танытып келе жатқан шәкірттердің бірі.
Ол аталмыш үйірмеге 2 сыныптан үзбей қатысып келеді. Үйірме жетекшісі Қайсар Сисенғазиевтің баулуымен, ұшқыр қиялымен көркем көріністерді ақ параққа бейнелеп үйренді. Осы уақыт аралығында Гүлназ көп нәрсені меңгерді, табиғат берген дарынын шыңдады. Әрбір құбылысты қалтқысыз қағаз бетіне түсіріп, көз тоймайтын сұлулықты көз алдыңа әкелетін сурет өнеріне деген сүйіспеншілігі арта түсті.
– Осы үйірмеге қатыса бастағаныма 8 жыл болды, -дейді Гүлназ. – Жаның қалаған іспен айналысқаннан артық не бар? Оның үстіне үйретушің де өз ісінің шебері болса. Жетекшім Қайсар ағай – өнер деп елеңдеген жан. Үнемі іздену қажеттігін маған айтып отырады. Іспен де үлгі көрсетіп келеді. Мазмұнды, сапалы туынды шығаруға талпынуым керек екенін, сұлулықты дөп басып тануым қажеттігін үнемі айтады.
Қайсар Талапұлының дарынды шәкірті аудандық, облыстық байқауларда бағын сынап, сан жүлдеге ие болып жүр. Атап айтар болсақ, Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Менің жүрегімнің әуені» атты ІІ республикалық байқауда І орын, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болған Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығына арналған «Таңғажайып бейнелер» атты облыстық байқауда І орын, «Жер – біздің үйіміз» облыстық байқауында «Менің жерім қандай керемет!» аталымында ІІІ орын иеленсе, «Өркен» орталығы жыл сайын жалауын көтеретін дәстүрлі «Жеті теңіздің құпиялары» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.
Гүлназдың байқауға ұсынған «Түркі сұлулығы» суреті
Бейнелеу өнеріне таласы мол алтын қыздың шығармашылығына жуырда түркімен халқы да қол соғып, қошемет көрсетті. Оған себеп болған ЮНЕСКО федерациясының ұйымдастыруымен өткен «Түркі әлемі мен Түрікменстанның мәдени мұрасы» тақырыбындағы жас суретшілердің халықаралық байқауында жеңіске жетуі еді.
Гүлназ бұл бауқауға осы елдің дәстүрін бейнелеген «Түркі сұлулығы» суретін тапсырған болатын.
Келбеті көркем Түрікменстан, сымбаты сұлу Ашхабад сапары оның шабытына қанат байлағаны сөзсіз. Байқау шарты бойынша алдымен республикалық іріктеу мамыр айында өткен.
Әрине, жетекшісі Қ.Талапұлы бастан-аяқ бағыт беріп жүрді. Ұстазының ақылын қағып алған қағылез қыздың жеңіске деген зор ынтасы, сенімі мығым болғаны анық. Оның үстіне ауылда тілеулес болып сыныптастары, үміт артып анасы Сапия Бауаденқызы, өнер жанашырлары отырса, сол сенімнен шыға білу жас өнерпаздың арманы емес пе?!
– Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Сан елден жас суретшілер жиналдық. Алдымен бізді Ташкентке апарды. Мұнда бізге арнап қызықты турлар ұйымдастырылды. Сапар аясында шежіре тұнған Бұқара қаласында да болдық. Түрікменстанның астанасы Ашхабадқа 13 қарашада ұшып жеттік. Байқаудың марапаттау шарасы осында өтті. Бағалы сыйлықтар мен марапат табыстады. Жас деген жоқ, өте зор құрмет көрсетті. Біткен соң, түрікмен елінің танымал әншілері өнер көрсеткен концерт өтті. Бұл менің алғашқы сапарым болғасын ба, әсерім шексіз. Біздің ел, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан – түркі әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан сайыскерлер арасынан топ жарғаныма қуандым, – дейді Гүлназ.
Ол осы байқауға дайындық барысында да бейнелеу өнерінің біраз құпиясына бойлады. Сапарында жаңа достар да тапты. Олармен осы өнер жайында пікір алмасып, тұстастарымен емен-жарқын араласуы Гүлназдың ашықтығын тіл табысуға тез екенін айғақтап тұр. Сүйікті еліміздің өркендеуіне үлес қосар осындай жастар екені мәлім.
– Ақжайық ауданы – үлкен аудандардың бірі. Табиғаты да ерекше. Өзім осы өңірдің тумысы болғаныма қуанамын. Жайнап, өсе берсе екен. Бұған өз қолтаңбамды қалдыру – парызым, – деп Гүлназ тағы да ағынан жарылады.
– Гүлназ үйірмеге келген уақытта талай нәрсені үйренді. Әрине, үйренері одан да көп. Барлық тәжірибемді бөлісумен келемін. Байқампаздығы, алғырлығы бар бойжеткен боп жетіліп келеді, көп оқиды, бос уақытта спортпен де айналысады, – деп ұстазы Қайсар Талапұлы шәкіртінің еңбексүйгіштігіне сүйсінеді.
Үйірмедегі Сезім Бауыржан, Дария Таспаева, Диляра Зайдолла, Карина Шанаева, т.б. балғындар да біраз сайыстарға белсене қатысып, топжарып жүр. Олар облыс, республика деңгейінде өткен түрлі өнер байқауларында жүлделі орын иеленіп, аудан абыройын асырды.
– Қазіргі ақпарат дәуірлеген заманында, – дейді Қ.Сисенғазиев. – Ұл-қыздардың ой-өрісі де соған сай болу керек. Мысалы, Гүлназ да сондай. Мен оған тек бағыт-бағдар беремін, арғы жағын өз қиялымен, еңбегімен дамытады. Табиғат, өлке сұлулығын, оның әр тылсымын қалт жібермей қылқаламмен шебер суреттеуге дағдыланды. Мен шәкіртіме зор сенім артамын.
Қайсар ұстаз балалардың осындай жетістігі ата-аналары тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасы екенін айтады. Аудандық шығармашылық орталық басшылығы да үйірменің алға өрлеуіне барынша жағдай жасауда. Қажетті құрал-жабдықтар сайма-сай. Яғни, жұмыс істеуге ынтаң артады.
Біз әңгімеге арқау еткен Гүлназ – Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушысы. Анасы Сапия да, әлбетте, қыздарының табысына қуанышты, барлық жасқа тілектес.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы