10.03.2020, 12:36
Оқылды: 705

Гүлзияның арманын ақиқатқа айналдырайық

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отыр. Ал жақсылық жасайтын жандар ортамыздан қашан да табылады. Осы орайда аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясы «Жан жылуы» қайырымдылық жобасын қолға алып отыр.

ui (1)

Бүгінде адамдар жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, қайсыбірі өзгелердің көмегіне зәру. «Жан жылуы» қайырымдылық жобасын жүзеге асыру ниетімен Қамысты ауылына мойын бұрдық. Осы ауылдың тұрғындары, екінші топтағы мүгедектер, ерлі-зайыпты Жасұлан Оспанов пен Гүлзия Мәмбетәлиеваның шаңырағын көрген кезде бейжай қала алмадық. Балшықпен сыланған жер үйдің іргетасы жоқ. Үйдің төбесінен су аққалы он жыл болыпты. Жауын жауса шатырдың әр жерінен аққан суға ыдыс тосатын отбасы әбден мезі болған.

ui 2

– Жұбайым екеуміз де екінші топтағы мүгедекпіз. Дүниеге келгелі ауыр дертпен алысып келеміз. Алланың басқа салғанына көнбеске лажымыз жоқ.  Бірақ қалай дегенде де өмірді сүйеміз, өмір сүргіміз келеді. 2001 жылы отау құрдық. Сол кезде бізді паналатып, үйінің бір бөлмесін жалға беріп, үлкен қолдау, көмек көрсеткен Анна Тарасоваға алғысымыз шексіз. Бүгінгі таңда ол Ресейде тұрады. Біз бұл үйді 2008 жылы бөліп төлеуге келісіп, сатып алғанбыз. Екі жылға жуық төледік. Ол кезде де үйдің жағдайы мәз емес еді. Әктеп, ажарын келтіріп, қандай болса да «өз үйім – өлең төсегім» деп тұрдық. Қыстың қытымыр аязында ортада тұрған бір пеш үйді толығымен жылыта алмайды. Оның үстіне бұрыннан да қалың емес іргесі жаңбыр жауған сайын мүжіліп, жұқарып барады. Үй деп үй емес, жәй ғана төбесі биіктетілген жертөле деп айтуға болады. Екеуміздің мүгедектікке алатын жәрдемақымыз күнделікті шайлықтан, ауырып қалған кезде ішетін дәрі-дәрмектен ауыспайды. Билік басындағылардан үй сұрағанымда: «Сіздің атыңызда үй бар. Әзірге қолымыздан келер шара жоқ» деп жауап бергесін, баспаналы боламын деген үмітім үзілді. Төбенің шатыры ортасынан опырылып түспесе екен деген үреймен күн кешіп келеміз. Әттең, бізге бала сүю бұйырмаса да, жылы үйде тұру бақыты бұйырса ғой, – дейді Гүлзия.

ui 3

Ол айтса айтқандай, үйдің қазіргі жағдайы сын көтермейді, құлау қаупінде. Қалың қар жауса, үйдің төбесі опырылып түсетін жайы бар. Ерлі-зайыптылардың баспанасын ауылдастары сылаумен тұрған үй деп ойлауы мүмкін. Өйткені сырт көзге оның апатты жағдайда екені білінбейді. Мүмкіндігі шектеулі жан болса да Гүлзияның үйдің ішін күтуі бізді таң қалдырды. Баспаналары тап-тұйнақтай таза. Біз «Жан жылуы» қайырымдылық жобасы туралы айтқан кезде Гүлзияның көзінен үміт ұшқынын көрдік.

Қазақтың жақсы қасиеттерінің бірі – жомарттық, кеңпейілділік. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» дейді дана халқымыз. Қамшының сабындай қысқа өмірде шама-шарқың келгенше аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қолұшын бергенге не жетсін. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, бәріміз мүмкіндігімізше қаржы жинап, асарлатып, жабыла көмектессек, өмірге құштар Гүлзияның арманы ақиқатқа айналар еді. Ерлі-зайыпты мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келер қамқорлығымызды, қайырымдылығымызды көрсетейік, ағайын!

Есепшоттың нөмірі: 5169 4971 1441 4638 (Kaspi Gold)

Гүлзара Тілекқабылқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале