9.02.2021, 15:11
Оқылды: 113

Инвестиция игілігі ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталады

Апта дүйсенбісінде Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың халық алдындағы есепті кездесуі өтті. Індетке байланысты қойылған талап бойынша онлайн форматта өткен жиын Youtube бейнехостингіндегі аудан әкімдігінің каналы арқылы көпшілікке таратылды. Атап айтсақ, тікелей эфир арқылы трансляцияны 600-ге тарта көрермен тамашалап, 75 ұсыныс түсті. Қорытынды кездесуге облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

 IMG_9081

2020 жылдың қорытындылары және алда тұрған мақсаттар турасындағы өз баяндамасында аудан әкімі өңірде шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының да даму деңгейін алдыңғы орынға шығарған.

Айталық, Ақжайықта шағын және орта бизнестің 1921 субъектісі тіркелген. Өткен жылы ауданда 21 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, 741 жұмыс орны ашылған.

2020 жылы негізгі капиталға 8 млрд 199,9 млн инвестиция тартылып, 2019 жылмен салыстырғанда 67,4 пайызға артты. Биылға межеленген жұмыстар ауқымы да кең: аудан орталығынан супермаркет, ойын сауық кешені, 200 орындық жеке балабақша, «Балалар әлемі» сауда үйі, Шабдаржап, Чапаев ауылынан автокемпинг, Ақсуат округінде  60 га.,Қабыршақтыда 20 га., Чапаевта 10 га. алма бағын, Бударин ауылдық округінен сүт өнімдерін өндіретін цех салуға және тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруға ниетті азаматтарға аукцион арқылы жер телімдері берілді. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда өңірге 1 млрд 396 млн теңгенің инвестициясы тартылып, 150-дей жұмыс орны ашылады.

Мал шаруашылығында да елең етерлік жаңалық жетерлік. Ауданда ірі қара өсіретін 64, жылқы өсіретін 8, қой өсіретін 7 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс жасауда. Қожалық иелері түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 млрд 600 млн теңге көлемінде несие алып, асылдандыру жұмысын әрі қарай дамытуға бағыт алды. Қыр төсіндегілердің осы ұмтылысына сай мемлекеттен жәрдемақша көлемі айтарлықтай өсуде. Мысалы, 2019 жылы шаруаларға 836,4 млн теңге көлемінде демеуқаржы төленсе, былтыр бұл сома 1 млрд 530 млн. теңгені құрапты.

IMG_9090

Өзге өңірлердегідей, аудан экономикасы, соның ішінде басым сала – ауыл шаруашылығының өркендеуі суландыру жүйесіне тікелей тәуелді. Өткен жылы Жайық өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуі салдарынан мал ұстаған ағайынға біраз ауыртпалық түскендігі анық. Сондықтан облыс әкімдігінің қолдауымен ауданға арнайы техника беріліп, елді мекендер мен шаруа қожалықтарына қажет көбіктер, тазалауды қажет ететін каналдар саны нақтыланып, жұмыс басталып кетті.

Аудан басшысы Жайықтың сол жағалауындағы Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесіне халықтың зор үміт артып отырғандығын жеткізді.

Жер пайдаланушылардың жерді тиімді игеруін қадағалау мақсатында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 135,4 мың га. жер анықталып, 9,3 мың га. жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. 5 қожалыққа иелігіндегі жерді тиімді пайдаланбағаны үшін салық көлемі он есеге көбейтілді.

Аудан басшысы тұрғын үймен қамту, инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, ауыл-елдімекендерді абаттандыру саласына тоқталды.

Ауданда тұрғын үй кезегінде әртүрлі санаттағы 465 адам тұр. Осы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында ауданымызда Жаңабұлақта 2 пәтерлік, Чапаев ауылында 24 пәтерлі тұрғын үй салынды. Биыл Чапаев ауылында екі 24 пәтерлік, Тайпақ ауылында бір 12 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталады. Бұдан өзге  Қабыршақты, Мерген, Жамбыл, Ілбішін, Ақсуат, Алмалы  ауылдарына 2 пәтерлік, Чапаев ауылында алты 2 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, бюджеттік өтінім жолданды.

Аудан әкімінің басшылыққа алған басым бағыттарының бірі – елді мекендерді таза ауыз сумен қамту. Қазір 36 ауылда ауыз су мәселесі шешілген, яғни тұрғындардың 93,5 пайызы таза сумен қамтылып отыр. Қадырқұл, Қызылжар, Кеңсуат, Базартөбе, Жамбыл, Битілеу ауылдары таза ауыз сумен қамтылса, биыл осындай жұмыс Самал, Мойылды, Тінәлі ауылдарында жалғасын табады.

Газбен қамту көрсеткіштері ауданда жоғары. Күні бүгінге елдімекендердегі халықтың санына шаққанда көгілдір отын мен қамту 99,3 пайызға жетті. Былтыр 11 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін 405 млн теңге бөлінген. Бұл салада көптен шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – «Ростоши – Тайпақ» газ тасымалдау жүйесінде апатты жағдайлардың жиі орын алуы. Осыған қатысты аудан басшысы мына деректерді келтірді: «2019 жылғы жылу беру маусымында газ желісіндегі конденсаттың қалыптасуы және соның салдарынан газ реттеуіш шкафтың жұмысы 447 рет тоқтап қалса, 2020 жылы тап осындай 381 апатты жағдай тіркелген. Ағымдағы жылдың 1 айының өзінде 21 жағдай орын алған. Тиісті мекемелерге хабар беріліп, облыс әкімдігінің басты назарында»

Алда тұрған басқа да межелерді, салалар бойынша ауқымды жоспарларды саралай келіп, аудан әкімі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мерейлі міндеттерді тұжырымдады.

Одан соң аудан тұрғындарының экранда көрсетілген колл-центрге жіберген және каналға тікелей жазған сауалдарына жауап берді.

Жаңажол ауылының тұрғыны Бақытжан Рахматуллиев осы ауылға ауылдық округ орталығы – Алғабастан тартылатын жолдың сапасы сын көтермейтіндігін, қазіргідей қашықтан білім алған кезде интернеттің ауадай қажет екендігін тілге тиек етті. Қ.Айтмұхамбетов ауыларалық маңызы бар осы жолды жөндеу мәселесі жұмыс жоспарына енгізілгендігін жеткізді.

«Аудан бойынша 49 елді мекеннің 23 елді мекенінде байланыс операторларының антеннасы орнатылмауы себебінен интернет жоқ. Былтыр 4 елді мекен тұрғындары ғаламторға қосылу мүмкіндігіне ие болса,  биыл тағы 5 ауыл бұл қатарға қосылмақ. Солардың ішінде Жаңажол ауылы да бар. Алдағы уақытта байланыс операторларымен бірлесіп, жұмысты жалғастырамыз», - деді Қ.Шадиярұлы.

IMG_9086

Қабыршақтылық Анарбек Қабаевтың да сұрайтыны – ауылға кірме жолды жөндеу. Аудан басшысы бұған қатысты алдымен «Орал-Атырау» күрежолы бойындағы ауылдардың кірмежолдары жөнделіп, тек содан кейін ғана өзге елдімекендерде жөндеу жұмыстары қолға алынатындығын жеткізді. Қазіргі таңда Қабыршақтымен қоса, Бударин, Алмалы, Мерген, Ақсуат ауылдарына құжаттар жасақталуда.

Чапаевтан хабарласқан Гүлсара Марат аудан орталығындағы ауыз су сапасының нашарлығы, жаз айларында мүлдем тоқтап қалатындығын айтып, сауал жолдады.

«Әрине, бұл көптен қордаланған мәселелердің қатарында. Алғаш ауыз су құбырларын жүргізген кезде 8000 адамға жобаланып жасақталған. Қазір халық саны едәуір көбейді. Сондықтан осындай жағдай орын алып, жүйенің үздіксіз ауыз сумен қамтуға қауқары жетпей жатады. Былтыр қосымша екі ұңғыма қаздырсақ та, жағдай толық оңалған жоқ. Қазір ауыз су жүйесін қайта құру үшін жобалық сметалық құжаттар жасақтап, сараптамаға жолдадық. Оң нәтижесін алған соң, бюджеттен қаражат бөлінеді» - деді Қ.Айтмұхамбетов.

Үзілдік Елеубаева қурайлысайлықтардың Сайқұдық ауылына медициналық пункт салу жөнінде тілегін жолдады. Биыл аудан бойынша 9 медициналық нысан жаңадан салынбақ. Солардың ішінде Сайқұдықтағы медициналық пункт пен Жұбан ауылындағы амбулатория да бар.

Тікелей эфир барысында бұралқы иттердің көбеюі, электр желісінің тозының жеткені, мектептің жөнделуі, газбен қамту, тұрғын үй құрылысы, мал ұрлығына қатысты ұсыныс-тілектер жолданып, жауап берілді.

Жиынға онлайн қатысып, қорытындылаған облыс әімі Ғали Есқалиев ауданда атқарылған жұмыстарға өз бағасын бере отырып, аудан дамуына қатысты бірқатар тапсырмаларды салмақтады.

«Президентіміз халыққа үндеу жариялап, әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын сақтаудың көзделген нақты шаралары қабылданып, көптеген қолдау жасалды. Олар біз үшін нәтижелі де, оны Ақжайық ауданының қол жеткізген даму көрсеткіштерін де көруге болады. Аудан бойынша өткен жылы негізгі капиталға 8,2 млрд теңге инвестиция тартылса, соның арқасында ауданда 19 шақырым кіреберіс жолдар жөнделіп, 5,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселді. Жаңа білім ошағы, 1 спорт алаңы салынып, 1 мектеп, 1 мәдениет үйі, 2 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті, 634  жарық шамы орнатылды. Бұның өзі  ауданның 28 ауылында тұратын 25 мыңға жуық адамның тұрмыс жағдайының жақсаруына тағы бір қадам жасалғанының  белгісі», - деген облыс әкімі электр желісінің жаңартылуы, газ құбырларындағы ақаулықтарды болдырмау, аудан орталығындағы ауыз судың үздіксіз берілуі сынды мәселелерді шешуге бар күш салынатындығын айтты.

Сонымен бірге облыс басшысы Ғали Нәжімедденұлы ауыл шаруашылығындағы кейбір мәселелерге тоқталды.

«Аудан былтыр мал азығын дайындауда межелеген көрсеткіштің 64 пайызын орындатып отыр. Әрине бұның себебі қуаңшылық. Бірақ ауданның жекелеген шаруашылықтары көпжылдық шөп егуді қолға  алғанын ескерсек, мал азығын дайындау көлемін бұрынғы егістік болған 225 мың г  жердің  тек бірқатарын қайта іске қосу арқылы жеткізуге болады. Сондықтан аудан әкімшілігі ауылшаруашылық  басқармасымен бірлесіп, егістік жерлерге талдау жасап, оны болашақта тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек. Тағы бір мәселе – жекедегі мал шаруашылығының жайы. Қосалқы шаруашылықта 33 мыңнан астам ірі қара, 72 мың бас қой,10 мың жылқы, 20 мың құс бар. Бұлар аудандағы ірі қара малдың 30 пайызын, қойдың 50 пайызын,  жылқының 25 пайызын, құстың 100 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда олардың бастары бірікпей, бәсекелестікке жарамай тұр. Егер ауданда 13 мың тонна ет дайындалса, соның тек 15 пайызы қосалқы шаруашылық беріп отыр. Өткен жылы аудан бойынша мал шаруашылығын дамытуға берілген 958 млн теңге, техникалар сатып алуға 571 млн теңге көлемінде субсидия шаруа қожалықтарының үлесінде. Ал қосалқы шаруашылықтар бұдан ешқандай қаражат ала алмай отыр. Жергілікті ауыл әкімдері жеке қосалқы шаруашылықтың мәселелеріне терең талдау жасап, дереу оны қолдау шараларын алу қажет», - деді.

Облыс басшысы бақша шаруашылығын дамыту, Чапаев ауылын үлгілі елді мекендер санатында жаңғырту үшін тұрғындармен ақылдасып, жұмыс жоспарын жасақтау, ауданға медицина мамандарын тарту жөнінде міндеттер жүктеді.

 

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале