2.12.2020, 9:38
Оқылды: 43

Инвестиция жарқын болашаққа жетелейді

Облыс көлемінде инвестиция тартылып, біраз жұмыстардың атқарылып жатқанын сапарлап барғанда байқап жүрміз. Инвесторлардың көзқарасы мен жаңашылдығы болашаққа айқын жол салуда. Бұндай игі бастамалар Тасқала ауданында да қарқынды жүзеге асырылып отыр.

16EFA09D-5E68-4665-97FC-42CD66114AA0

Біріншіден, аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған құрылыстар жүргізілсе, екіншіден жергілікті тұрғындарға жұмыс көзі ашылып, халықтың әл-ауқаты артуда. Әсіресе халықаралық күре жолдың бойында орналасқан Тасқала секілді аудан үшін инвестиция тартылуы аса маңызды.

Аталған жұмыстардың атқарылып жатқанын аудан халқы күнделікті көріп, байқап жүр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің инвестицияны тарту бойынша мәліметіне сүйенсек, Тасқала ауданы бойынша 2020 жылы негізгі капиталға инвестицияларды тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар бар. Атап айтсақ, автокөлікке жанармай құю станциясы мен кешенінің құрылысы. Жалпы жобаның құны 420 млн. теңгені құрайды. 2019 жылдың соңында 60,0 млн. теңгеге топырақпен құрылыс алаңын жайластыру жұмыстары жүргізілді. Іске қосылу кезеңінде 20 жұмыс орны құрылады. Жобалық қуатқа қол жеткізудің болжамды уақыты – 5 жыл. 1 гектар жер учаскесі жалға алынды. Іске қосылу кезеңі – 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Бүгінгі күнге тартылған инвестиция сомасы – 220 млн. 200 мың теңге.

– Құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айынан басталды. Жоспарланған шаруаның құрылысын жүргізу кезінде жергілікті адамдар жұмысқа тартылды. Яғни жаз мезгілінде ауыл тұрғындарының екі қолына бір күрек табылды деуге әбден болады. «VenOil» жанармай құю станциясы заманауи құрылғылармен жабдықталуда. Және оның шағын супермаркеті, тамақтану орны мен әжетханасы жолаушыларға қызмет көрсетеді. АИ-92 және АИ-95 бензин түрлері сатылымға шығарылады. Аталмыш құрылыс жұмыстарын осы айдың ортасында аяқтаймыз, – дейді «Архар-Бизнес» ЖШС бас директоры Талғат Игизов. Орал-Саратов жолы халықаралық жол болғаннан кейін бұнда түрлі қызметтер көрсетілуі тиіс екендігін мердігер компания жақсы түсініп отыр. Жанармай құю бекетін салушы компания болашақта кемпинг салуды жоспарлағанын айтқан еді. Күре жолдың бойында орналасқан аудан болғандықтан, келушілер мен тұрғындарға арналған барлық жағдайдың жасалуы орынды екенін алға тартты. Сонымен қатар аталмыш компания Достық ауылының тұрғындарына көп көмегін тигізгенін де атап өткен жөн. Жүз елу метрлік су құбырын жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ор қазып, керекті құрылыс материалдарымен қолұшын созыпты.

Жалпы, биыл аудан көлемінде бірнеше инвистиция тартылды. Жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында осындай жобалар ауадай қажет-ақ. Бұл туралы аудан әкімі Алдияр Халелов халықпен кездескен сайын айтып жүр. Тасқала ауданына инвестициялық салымдар молынан салынуы үшін оларды көбірек тарту керектігін және түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізу қажеттігін аудан басшысы алға тартуда. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, сондай жобалардың бірі Тасқала ауданына қарасты Бірлік ауылындағы «Феррум контракт» ЖШС-нің «Су құю цехы» құрылысы жүзеге асып жатқандығын атап өтуге болады. Жобаның құны 254,2 млн. теңгені құрайды. Нысанның құрылысы 2018 жылы басталды. Табиғи түрдегі өндіріс қуаты сағатына екі мың бөтелке су шығаруға қауқарлы. 0,5 литрлік, 1 литр және 1,5 литрлік минералды су шығаруды жоспарлауда. Пайдалануға енгізу мерзімі 2020 жылдың желтоқсан айында деп күтілуде. Жұмыс жасау кезеңінде сегіз жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда модульдік қондырғылар салынып, ішкі жұмыстар және Қытайдан қондырғы сатып алынды. Енді іске қосу және реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін бұл жобаға қосымша 10 млн. теңге салынады деп күтілуде. Аудан тұрғындарына заманға сай жақсы жағдай жасау және сапалы қызмет көрсету мақсатында 2020 жылы қыркүйек айында жол бойындағы сервис («Уразалиев Артур Хасенович» ЖК, басшысы Артур Уразалиев) ашылды. Жобаның құны 100 млн. теңгені құрайды. Бұл нысан аудан орталығында орналасуына байланысты тұрғындар мен аудан қонақтарына ыңғайлы. Үш жұмыс орны құрылды. Осындай игі бастамалардың тізбегіне «Арғамақ» шаруа қожалығының биылғы жылы «Джон Дир» маркалы комбайны (бағасы 46 млн. теңге) мен «Омичка» сепкіштерін 5,1 млн. теңгеге сатып алғанын айтып өтуге болады. Шөп шапқыштар мен тырмалар (1,23 млн. теңге), дәнсепкіш (13,9 млн. теңге), 8 корпустық соқа (2 млн. теңге) сатып алынды. Жалпы, 122,73 млн. теңгеге инвестициялық салымдар салынды. Жыл соңына дейін «Джон Дир» маркалы тракторын (бағасы 22 млн.теңге) және сатып алу жоспарланып отыр.

Осы аталған жұмыстардың бірегейі жыл соңына дейін халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Бүгінгі мақаламызға арқау болған инвестициялық жобалардың қай-қайсысы да осал емес екендігін оқып білерсіздер. Достық ауылдық округіндегі «VenOil» жанармай құю бекеті, Бірлік ауылындағы «Су құю цехы» және аудан орталығындағы кемпингтер іске қосылса, аудан халқы зор қуанышқа кенелер еді. Бірнеше жұмыс көзі ашылып, солар арқылы ауданға қаражат құйылары сөзсіз. Жергілікті халықтың ауқатты өмір сүруіне бейімделу мақсатында бірнеше жобалар қолға алынды. Енді тек солардың жұмыстарын сәтті бастап кетуін ел болып күтетін боламыз.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале