11.05.2022, 18:00
Оқылды: 224

Ит қорыған жерге өш

Айналып-үйіріліп тағы ит «жырын» жалғастырайық...

25

Жыл басында біз «Итке де тәртіп бар» деген мақала жариялаған болатынбыз. Әкімнің есептік кездесулерінде әр ауылда болмағанымен, үш елді мекеннің бірінде айтылған бұралқы иттер санын азайту мәселесі бойынша аудан әкімі Тілек Габдушев арнайы «Теректі мал жәрдемі» мекемесі директорының міндетін атқарушы Алмас Юмабаевқа (суретте) тапсырма да берген болатын.

24

Одан бері бес айдың жүзі өтіп те кетіпті. Сонымен, тапсырманың нәтижесі қандай?

- Тұрғындар бұралқы иттерді ату немесе улау арқылы басын азайту жайлы әңгіме көтеріп жүр. Бұндай шара еліміздегі адамгершілік қағидаларына қайшы. Бір жағынан, адам өмірі маңыздырақ. Себебі, тегінде жыртқыш аң болғандықтан, ит аш болса бәрібір малға шабады. Сондықтан, адамға, мал-мүліктеріне зиянын тигізсе, өтініш арқылы атуға болады. Ал, ауданда қазір біз иттерді аулап, биостерилизация (ұрықсыздандыру) жасау үшін Орал қаласындағы ветеринарлық бекетке апарып жатырмыз. Қазірдің өзінде Шаған, Подстепный, Теректі (Федоров), Шалқар, Шағатай, Ақсоғым, Ақжайық, Ұзынкөл ауылдық округтері аумағынан ұзын саны жүзге тарта итке стерилизация жасалды. Осы шараға облыстық ветеринария басқармасы арқылы 1 746 000 теңге қаржы қаралған. Жыл аяғына дейін бұл шара жалғаса береді, - деген мәлімет берді Алмас Берікқалиұлы.

Ал, ауылдағы ағайын «бұралқы иттер қаптап жүр. Сыртқа шыққанда қорқамыз» дейді. Сөздерінің жаны да бар. Осыдан бірер апта бұрын, сәуір айының 26 күні Сырым ауданының Жымпиты ауылында Батырбек Жұбанғалиевтің қорадағы қойына ит шапқан. Бұған дейін де наурыз айында осындай жағдай болған. 100-ге тарта қой бағып отырған тұрғынның қорасына құнығып алған иттер қасқырдан да бетер тиісіп, алғашында 12, кейін 50-ге жуық ұсақ малды қырып тастаған. Үй иесі шығынды 3 миллион теңге деп есептеп отыр. Осындай опырып кеткен шығын орнын толтыру да оңай болмасы анық.

Иттің қойға шапқанын естіп-біліп тұрғанымыз бұл бірінші рет қана емес. Өз ауданымызда да осындай жағдайлар Подстепное ауылы маңындағы саяжайда, Ақсуат округі аумағында болғаны есімде.

Ит тек малға емес, қазір адамға да қауіпті болып тұр. Мәселен, www.inform.kz сайтында ҚазАқпарат тілшісі «Батыс Қазақстан облысында ит қапқан тұрғындар саны артып отыр» деген хабар жариялапты. Хабарда «БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім еткендей, биылғы үш айда құтырма індеті бойынша жағдай тұрақты болғанымен, ит қауып, зардап шеккендер саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 3 пайызға артқан. Оның айтуынша, жыл басынан бергі үш айда жануарлардың тістеуі салдарынан 384 адам антирабиялық көмекті қажет еткен. Соның ішінде 73,4 пайызы иттен, 21 пайызы мысықтан, 3,1 пайызы өзге үй жануарларынан зардап шеккен» деген мәлімет келтірілген.

Ақпан айындағы аудандық мәслихат сессиясында өткен жылдан есептік баяндама жасаған Теректі аудандық санитариялық-эпидемологиялық басқарма басшысы Л.Ашықова: «Ауданда 48 адамды құтырған ит қапқандығы тіркелген. Олардың он алтысы - мектеп оқушылары. Ит қабу фактілері негізінен таңғы уақытта болған», - деп, мектеп пен балабақша маңына ит әкелмеу, ертіп келген жағдайда иесіне тәртіптік шара қолдануды ұсынған болатын. Биыл үш ай ішінде 20 адамды ит қапқан. Әйтеуір, құтырған ит жоқ екен. Ол да көңілге медеу.

Осы «ит жырын» жиі айтатын ауылдардың бірі – Подстепное. Бір жағынан ауыл ішіндегі ит, бір жағынан саяжайлардағы бұралқы иттер қыспағына түскен тұрғындардың бірі Анар Қайрекенова (суретте):

23

- Мен осы иттерден зардап-зиянды мол шеккен адаммын. Осыдан екі жыл бұрын грант алып, ауламда құс өсіруді бастадым. Оған дейін де құс бағып жүр едім. Терезе алдына торлы қорап құрып, бір-біреуін 1850 теңгеден алған мулар балапандарын салып қойған едім. Бір түнде он балапанды ит жеп кетті. Былтыр күзде иттен тағы зардап тарттым. Көршімнің иті баламды қауып алды. Содан баламды екпе алуға аудан орталығына біраз уақыт апарып жүрдім. Өзі мүмкіндігі шектеулі бала. Әбден қорқып қалды. Енді, екі ортаға екпеге барамыз деп такси жалдап жүргенімді айтпай-ақ та қояйын. Ол аз десеңіз, бүгін-ертең пайдама жаратамын деп отырған, торкөз қора ішінде отырған үйректерімді тағы қырып кетті. Осындай жағдай біздің ауылда жиі естіледі. Сондықтан, ауыл тұрғындары болып жиналып, «Теректі мал жәрдемі» мекемесі басшысының атына арнайы хат жаздық. 50 шақты адам қол қойып, округ әкімдігіне апарып тапсырдық. Әзірге нәтиже көріп жатырған жоқпыз. Шетінде тұратын біз ғана емес, ауыл ортасында тұратын ауылдастарым да «үйірленген иттер толып жүр. Адамнан тайсалмайды. Балалар мектепке барар-келер кезде қатты алаңдаймыз» деп отыр, - дейді.

21

Қазақта «ит иттігін істемесе, іші ауырады» дейді. Ал енді осы түз тағысынан бетер халықтың құтын қашырған иттер қайдан шықты?

Жол бойындағы Подстепное, Шаған, Барбастау болмаса, ішкері жатқан Ақжайық, Ақсоғым, Шағатай ауылдық округтеріне шеттен әкеліп ешкім ит төкпеген шығар... Әрине, ауылдағы Ақтөс, Шариктерден тарады. Бұл – үй жануарын ұстауға жауапсыздық салдары дер едік. Расымен де, қазақта «жеті қазынаның бірі» саналған иттің адам тіршілігіндегі орны анық. Адамның үйі мен мал-жанын қорғаған ит жыртқыш жақындап, қауіп төнсе үріп, дыбыс береді. Түнде бүкіл ауыл қалың ұйқыда жатқанда, иттер кірпік ілместен олардың ұйқысын қорғап шығады. Сондықтан да, ауылдық жерде итсіз аула жоқ десек, қателеспеспіз. Ал, сол итті ұстау тәртібін білеміз бе?

- Аудан аумағында иттерді ұстау тәртібі Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген. Ол құжатта жеке тұрғын үй иелері итін өз ауласынан қашып шыға алмайтындай етіп ұстауы тиіс деп көрсетілген. Қақпаға немесе аула қоршауына ит бары жөнінде ескерту жазылған тақтайша қағып қойған дұрыс. Ит ұстауда санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық ережелер сақталуы тиіс. Иттерді серуендету кезі түнгі 23:00 мен таңғы 6:00 арасы деп анықталған. Және де адамдар жиналатын, қоғамдық орындарда оларды қысқа тізгінбауда, тұмылдырықта ұстау қажет. Яғни, көше бойына итті бос жіберуге болмайды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының қаперіне жеткізерім - ит ұстау қағидаларын сақтамаған азаматтарға заң жүзінде жауапкершілік қарастырылған,-дейді Алмас Юмабаев.

Бұл тәртіпті ауыл адамдарының басым көпшілігі орындамайтынын көзбен көріп те жүрміз.

Мәселен, Барбастау ауылының Маржан есімді тұрғыны: «Біздің ауылда ит ұстау тәртібін білетін  адам некен-саяқ-ау. Көше толған ит. Алақандай ауыл болған соң, кімнің иті екенін білеміз. Бірді-екілі «Бала-шағаны қауып алар. Байлап ұсташы» деп айтып та жүрміз. Дегенмен, сол бос жүрген ит азаймай тұр. Ол өз алдына, жылға екі күшіктеген соң, саны да көбейіп барады. Ауыл шетінде, жол бойындағы орман жолақтарында кәдімгідей үйірлі иттер бар. Осы өсімнен таймаса, жуырда «Итті ауыл» атануымыз мүмкін», - деп отыр.

22

Міне, мәселенің нақты туындауы да осы күшіктеуден шығады. Бір жылда ұрықсыздандырылмаған жұп иттен қанша күшік тарайтынын орташа есеппен санағандар да бар екен. Сеніңіз-сенбеңіз, бір жылда бір жұптан 16 күшік тарайды. Екі жылда саны 128 басқа жетеді. Осылай есептей берсеңіз, 5 жылда сол жұптан тараған ұрпақ саны 67 мыңға жететін көрінеді (суретте). Сонымен, «Итті ату арқылы санын азайтамыз» деген жоба желге қарсы топырақ шашқандай болып қалмай ма?! Бүгін бір итті атып, көзін жойған екенсіз. Ал, көршіңіздің ауласында сол күні 5-6 күшік туылады.

Сондықтан, адамгершілік тұрғыдан да, тиімділік жағынан да дұрысы – ұрықсыздандыру. Бұл тек бұралқыларға ғана қатысты емес, ауладағы, қожайыны бар иттерге де қолданылса, құба-құп. Біріншіден, ит «қыдырамын» деп жұлқынбайды. Екіншіден, аула толған күшік асыраудан құтыласыз. Және де, ветеринар дәрігерлер де, кинологтар да биостерилизациядан өткен иттің мінез-құлқы жайлы болатынын айтады. Дамыған елдер ит санын осы жолмен реттеп отырғаны да рас. Мысалы, Түркияға барып келген жерлестер «ит-мысыққа ол жақта өте жақсы қарайды. Әр бұрышта оларға тамақ-су қойылған» деп таңданып келеді. Ал, сол елде ит пен мысықтың таралуын осы биостерилизация жолымен шешетін көрінеді. Яғни, бір жерде қараусыз, қаңғып жүрген ит көрсе, жандармерияға хабарлайды. Олар аулаушы шақырады. Ұстап алған бұралқы итті арнайы орынға апарып, ұрықсыздандыру отасын жасайды. Түрлі жұқпалы аруларға қарсы екпе салады. Міне, осы арқылы ит саны көбеймейді. Және де жұқпалы аурулардың алдын алады.

Неге біздің ауданда осындай жол қолданылмайды? Жоғарыда «Теректі мал жәрдемі» мекемесінің басшысы Алмас Юмабаев биостерилизация туралы «Осы шараға облыстық ветеринария басқармасы арқылы 1 746 000 теңге қаржы қаралған. Жыл аяғына дейін бұл шара жалғаса береді» деп отыр. Ендеше, «берсең - қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деп, қорада бағып отырған ақ адал малды қырып жүрген иттердің санын атып, уламай-ақ, ізгі жолмен азайтуға мол мүмкіндік бар. Ол үшін маңайда үйірімен жүрген немесе жеке-жалғыз бұралқы итті көрсеңіз, жергілікті әкімдікке немесе 8 (71132) 23-4-26 телефонына, «Теректі мал жәрдемі» мекемесіне хабарлаңыз.

Түйін: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 30 желтоқсаны күні «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойды. Заңда қаңғыбас иттерді қуып жүріп атып тастауға тиым салынды. Тіршілік иелерін мертіктіріп немесе өлтірген азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жануарларға адамгершілікпен қарау – қоғам дамуының көрінісі. Ендеше, Теректіде адамгершілікті қоғам қалыптасқанын дәлелдеп, ауданда бұралқы иттерді биостерилизациядан өткізу және ұстап-бағу орнын ұйымдастыруды неге қолға алмасқа? Сонда қаңғыған итке қабылған адам болмас еді. «Ит қорыған жерге өш» демекші, аш жүрген үйір ит жаманауыз болып, қораға да шаппас еді...

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале