16.11.2020, 10:14
Оқылды: 123

«Iteachme»-дің мүмкіндігі мол

Кәсіби мотивациялық оратор, сирек кездесетін синдром тетра-амелия деп аталатын ауру түрімен туылған Ник Вуйчичтің «Менің мақсатым – адамдарға өз жолын табуға көмектесу» деген ұстанымы өзге де азаматтардың жүрегіне үміт отын сыйлады. Тіпті елімізде Ник секілді өмірге құштар жандарға арналған бірқатар жобалар қолға алынып, орталықтар құрылуда. Солардың бірі «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асқан жоба негізінде құрылған Захира Бегалиева бастаған «ITeachme» компетенциялар дамыту орталығы.

 Мумкиндиги мол жоба (2)

Ұлы ақын Абай жетінші қара сөзінде жас баланың анадан туғандағы екі түрлі мінезін сипаттай келіп, екінші мінез «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» деп тұжырым жасайды. Ақын айтқан «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дейтін азаматтар қатары қоғамда артып келеді. Әр тараптан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында әртүрлі жобалар қолға алынуда. Қатарында «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатқан «ITeachme» компетенциялар дамыту орталығы да бар.

Қазіргі таңда бірегей орталыққа айналған «ITeachme» 2018 жылы «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Теңдей ІТ мүмкіншіліктер әлемі» атты жобаны жүзеге асырды. Ана мен баланың ұйғарымы үлкен жобаны өмірге әкеліп, алғашқы екі кезеңінен соң әлеуметтік бар идеяны жалғасытыра отырып кезекті маусымдарына орталық ретінде қадам басқан. Орталық директоры Захира Бегалиеваның бастамасымен құрылған бұл жобаның өмірге құштар азаматтарға берер мүмкіндігі мол. Басты мақсаттары өзін-өзі таныту және қаржылық тұрақтылықты дамыту мақсатында мүгедектігі бар адамдарды оқыту және оларды әлеуметтік ортаға енгізу болып табылатын орталықтың бүгінгі таңда атқарып жатқан еңбектері ерен. «Iteachme»-дің құрылуы және алғашқы жобалары жөнінде атаулы орталықтың директоры Захира Бегалиевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау бар болса да ол аздық етеді. Көбісі қолдарынан не келетіндігін дәлелдегісі келеді. Біз бұл орталықты ашудан бұрын мынадай мәселелерге назар аудардық. Біріншіден, «Мүгедектік» статусы бар адамдар көбіне «Мүгедектік бар болғандықтан не істей алмаймын?», «Менен басқа барлығы кінәлі», «Үкімет бізге көмектесуі тиіс» деген позицияны ұстанады. Екіншіден, мемлекет мүгедектігі бар адамдарға қамқор болуды қолға алды. Үшіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың және үкіметтік емес ұйымдар бастамаларының төмен тиімділігі байқалады. Төртіншіден мүгедектігі бар адамдар қарауында болушылық позициясы бар. Осы аталған төрт мәселені негізге ала отырып, «ITeachme» қоғамдық қоры, компетенциялар дамыту орталығын құруды қолға алдық. Ал орталық оқыту, жұмысқа орналастыру, сүйемелдеу бағытында жұмыс атқарады, - деп жобаны қолға алуға қандай мәселелер түрткі болғандығын жеткізді.

Мумкиндиги мол жоба (3)

Мақсаты айқын, бағыты нақтыланған игі жобаға негізделіп құрылған орталықтың жұмысы тек Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде де өз орнымен ерекшеленген. Директорының сөзіне сенсек, көптеген мемлекеттер атаулы орталықтың тәжірибелерімен де бөліскісі келетіндігін жасырмаған. Бұл орталық мүшелері мен түлектері үшін де үлкен жетістік екендігі сөзсіз.

Өміршеңдігін айқындаған жобаның 3 маусымдық лагері артта қалған. Нәтижесінде 362 қатысушы онлайн өтініш берген. 72 адам лагерь қатысушылары болып табылса, ал 43 онлайн оқыту шаралары қолға алынған. 18 адам жұмысқа орналасқан болса, 4 қатысушы жоба арқылы кәсіпкер болған. Бұл орталық үшін үлкен жетістік болса, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мүмкіндік.

ІТ саласына бағытталған орталықтың басты мақсаты интернетке қолжетімділік арқылы «мүгедектік» статусындағы жандарды жұмыспен қамту. Қазіргі уақытта жобаның 4-ші кезеңі жүзеге асып жатыр. Еңбек құқығын жүзеге асыру арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғаммен біріктіру. Ал «Орталықтың негізгі жобасынан қандай нәтиже күтеміз?» және «Жобаға қатысуға қалай өтініш беруге болады?» деген сауалға жоба менеджері Малика Сарина былай жауап берді.

- Біз бұл жоба арқылы азаматтардың сандық сауаттылығының артуы, сапалы жұмыспен қамту, кәсіби өзін-өзі анықтау және жеке өсу, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік, 10 жыл ішініде мүгедектігі бар 90% адамды бағдарламамен қамту, өзін-өзі тану және әлеуметтену, әлеуметтік шиеленісті төмендету, даму үшін инновациялық жағдай жасау сынды нәтижелерге қол жеткіземіз деген ойдамыз. Орталық қолға алған жобаға өңіріміздің кез-келген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысуға өтініш бере алады. Жас айырмашылығы 17 жастан бастау алады. Ал елді мекеннің алшақтығы жобаға қатысуға кедергі емес. Себебі барлығы онлайн түрде өткізіледі. Әр түрлі қалаларда өткізілетін семинар-тренингтерге қатысушының жол және т.б. шығындары орталық тарапынан өтеледі. Біз оқытамыз, жұмысқа орналастырамыз, сүйемелдейміз.

Көріп отырғанымыздай мүмкіндігі шетеулі жандарға орталықтың берер мүмкіндігі мол. Бастысы цифрлық техниканың тілін меңгерсеңіз болғаны. «ITeachme»-ге жоба қатысушыларының да берер бағасы оң. Мәселен, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік студентінің психология мамандығының III курс студенті Олжас Маханов жоба қатысушысы ретінде ойымен бөліскен болатын.

- Мен бұл жобадан көптеген әсер алдым. Бұған дейін өмірге басқаша көқараспен қарайтынмын. Дегенмен жаңа таныстар мен өзім секілді адамдармен араласып, сырласқаннан соң көзқарасым өзгерді. ІТ мүмкіншіліктерді игере отырып, қазіргі таңда жоба жетекшілерінің сүйемелдеуімен «ВI Group» холдингінде тәжірибеден өтіп жатырмын. Мен жобаның үшінші кезеңінің қатысушысымын. Бұл ең ірі әлеуметтік жоба.

Жобаның мүмкіндігін ескеріп, ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі жандары да назардан тыс қалмасын деген үмітпен жобаның негізгі басымдықтары мен мақсатын тізбектеп насихаттауды жөн көрдік. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігіне ұнады. Жобаның ұнағандығын байқап, Арман Салауатов (есімі сұхбат беруші өтініші бойынша өзгертілді) жобаға қатысты төмендегідей пікір білдірді:

- Бұл біз секілді жастар үшін үлкен мүмкіндік. басты ұнағаны маған бұл жоба арқылы жұмыс көзін тауып, еңбек етуге бейімделетіндігі. Қоғаммен байланыс орнатып өзін жайлы сезінетіндігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мәртебе. Осындай жобалар кеңінен насихатталып, мүгедектердің өмірге бейімделуі қоғам дамуының бір сатысы деп білемін.

Оливье Накаш, Эрик Толеданоның «1+1» атты трагокомедиясын көрген бе едіңіз?! Өмірде болған оқиға желісімен түсірілген фильмнің басты кейіпкерлері Дрисс мен Филиптің арасындағы байланыс көрген жанның жүрегін тебірентпей қоймас сірә! Бүгінгі тілге тиек етіп отырған орталықтың директоры Захира Оңғарбайқызы да Филипп секілді бір емес, бірнеше жанға үміт отын сыйлап, аяқтарынан тік тұруға өз септігін тигізді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «ІТeachme»-дің мүмкіндігі мол, өміршең жоба.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале