Теректі аудандық «Қазына» коворкинг орталығында «Ізгі қоғам өзіңді өзгертуден басталады» атты көшпелі семинар өтті.
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған жиынға облыстық «Ар-Рахман» мешітінің ұстазы Бағдат Шақаев, Орал қаласындағы «Тұлбаев Мұхаммед Ғариф» мешітінің имамы Қуандық Насыров, «Тәжиден Батырұлы» мешітінің ұстазы Талғат Қайырғалиев, Теректі аудандық мәслихаты төрағасы Әлжан Нұрғалиев, ауданның Құрметті азаматтары мен ақсақалдар қатысты.
Алдымен облыс орталығынан келген қонақтарға «қош келдіңіз» айтқан Теректі аудандық мешітінің бас имамы Амантай Бақтығали іс-шараның маңызын түсіндірді.
БҚО бойынша өкіл имамның сәлемін жеткізген «Ар-Рахман» мешітінің ұстазы Бағдат Русланұлы:
- Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны атқару міндеті тұр. Былтыр діни басқарма жеті бағыт бойынша жемісті қызмет атқарды. Ал биыл мүфтият жұмысты одан әрі жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық береді. Олар – дін және дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру. Облысымызда осы бағыттар бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оң нәтижесін беруде, - деп жыл бойына атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиев ауданда қызмет етіп тұрған 7 мешіттегі имамдардың, ақсақалдар және аналар кеңестерінің жұмысына тоқталды. Сөз алған Теректі ауданының Құрметті азаматы Мұсағали Төлегенов жастардың болашағы мен түрлі діни ағымдардың көбейгенін уайымдайтынын айтты. Сондай-ақ осындай жиындардың жиі болуына, талқыланған мәселелерден нәтиже шығуына тілекші екенін жасырмады. Теректі аудандық мәслихаты төрағасы Әлжан Жақсыгерейұлы жаңадан тағайындалған бас имамға сәттілік тіледі. Қоғамда болып жатқан соңғы жаңалықтарға шолу жасаған ол дін мен салт-дәстүрді әрдайым ұштастыру қажеттігін айтты.
Екі сағатқа созылған көшпелі семинарда ақсақалдар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға имамдар толыққанды жауап беріп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz