24.05.2023, 14:31
Оқылды: 126

"JRO дауысының" жеңімпазы - Руслан Хайрушев

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде облыстық "JRO дауысы" ән байқауы өтті.

IMG_8466

Аталмыш байқауға Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе, Казталов, Бөкей ордасы аудандары және Орал қаласынан жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшылары мен мамандары қатысты. Ән додасы екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде нәзік те сыршыл махаббат туралы әндерді шырқаса, екінші кезеңде өз патша көңілдері таңдаған еркін тақырыптағы әндерін әуелетті. Байқауға аудандық мәдениет үйінің өнерпазы, республикалық ән байқауларының жүлдегері Райымбек Кәрімов, аудандық саз мектебінде вокал сыныбы бойынша ұстаздық ететін Асылан Боранбаев, хормейстер Батырбек Ахметқалиев, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі орталық басшысының орынбасары Үздік Шәпенова, Бәйтерек ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашева қазылық етті. Бас-аяғы тоғыз қатысушы өнерлерін ортаға салып, сайып келгенде жүлделі 3-орынды "Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?", "Өкінбе сен" әндерін орындаған қаратөбелік Нұрқанат Жәнібеков еншілесе, жүлденің бірінші, екінші орындарын сараптау талас тудырды. Қазылар алқасы дәл сол сәтте әділ шешім шығарып, қос қатысушыға үнтаяқты ұсынды. Олар тағы бір әннен орындап, шын жүйрікті халық анықтады. Доданың қорытындысы бойынша 2-орынға "Махаббат елі", "Бозторғай ана" әндерін шырқаған Тасқала ауданының намысын қорғаған Аман Байғали лайық болып, жүлделі 1-орынды "Сен үшін жаралғандаймын", "Туған ел" әндерін жоғары деңгейде орындаған, Бөкей ордасы ауданының бағын асырған Нұрбол Өтеғалиев қанжығалады.

IMG_8477

Жүлде тұғырына орналасқан жәнібектік Руслан Хайрушев алғашқы кезеңнен көрермен қолпашына бөленді. Нәтижесінде бас жүлдені иеленіп, "JRO дауысының" жеңімпазы атанды. Өзге де қатысушылар да мәдениет үйіне жиналған аз да болса, өнер сүйген қауымның алғысын алып, марапатталды. Жүлдегерлерге аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев алғысын жеткізіп, арнайы дипломдар беріп, естелік сыйлықтар табыстады.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале