14.12.2024, 17:15
Оқылды: 372

Қабыл ауылына таза ауыз су келді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  Ақжайық ауданы, Ақжол ауылдық округіндегі Қабыл ауылының тұрғындары көптен күткен қуанышқа бөленді. Бұл ауылға өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында су құбырын тарту жұмыстары аяқталып, іске қосылды.

2b0f2d20-0f60-4d65-9f73-34848103ebee
Көпшіліктің қуанышын бөлісуге арнайы барған аудан әкімі Мұрат Сердалин құттықтау сөз сөйлеп, жұмысты сапалы аяқтаған мердігер «ПМК-117» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорына алғысхат тапсырды.

9fad31bb-2416-49f1-8897-88f302584f5c
Сондай ақ ауылдастардың қуанышына аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Артур Ермұқанов, облыстық мәслихаттың депутаты Ақылбек Сағитов ортақтасты.
– Бүгін ерекше сәтке куә болып тұрмыз. Ауылымыздағы әр үй таза ауыз су құбырына қосылды. Көгілдір отын бұрыннан кіріп тұр. Енді баспанамызда тұрмысқа жайлы жағдай жасаймыз деп еңбектенеміз. Өмірдің де бір қызығы осы емес пе?! Ауылымыздың орналасқан жері керемет. Іргеде Жайық, ну орман – мал бағуға таптырмас орын. Сондықтан ауылдан адам көшіп жатқан жоқ. Енді, міне, таза су келіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Біздің ауылдың жағдайын жақсартуға атсалысқан барша жанға алғысымыз шексіз. Еңбектерінің жемісіне бөленсін, – деп қуанышын бөліседі Қабыл ауылының тұрғыны Ақболат Нұғмашев.

009a216b-e6f3-4f5b-bb43-1538dac3c0d6
320-дан астам тұрғыны, 85 ауласы бар осы ауылда осы жылдың мамырынан басталған жұмыстың нәтижесінде ұзындығы 3,4 шақырым су құбырлары тартылған. Республикалық бюджеттен 472 млн теңге бөлінген ауқымды жобаны, жоғарыда ата кеткеніміздей, «ПМК-117» ЖШС жүзеге асырды.

3d0dace1-0087-4d0c-8d2d-af94cae3be8b
Мұнда жерасты су көзі 27 метр тереңдіктен табылып, ауызсу сынақтан өткізілген. Ауылдың тұсынан орын тепкен ұңғымадан шыққан судың дебеті – сағатына 2 текше метр. Тұрғындар санына шақталып, әрқайсысының сыйымдылығы 50 текше метрлік 2 су қоймасы орнатылған. Ауылға таза ауыз су сыйымдылығы 25 текше метр болатын мұнарадан жіберіледі.

Әсет Бисенғалиев
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале