29.05.2024, 10:30
Оқылды: 44

«Қадыр – қазына» жобасы жәнібектік көрерменге ұсынылды

Қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырза Әлінің есімін білмейтіндер кемде-кем. Оның шығармашылығын насихаттау мақсатында Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен «AQJAIYQ» телеарнасы бірлесіп, «Қадыр – қазына» атты жобаны жүзеге асыру үшін Жәнібек ауданына келді. Құрметті қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен мәдениет қызметкерлері күтіп алды.

image-28-05-24-04-41

Орталық Қадыр ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ізденуден, іздене жүріп көпшілікке насихаттаудан жалыққан емес. Қадыр мұралары - халықтың қазынасы. Оның шыңы жеткен шығармашылығы өз алдына өмірі хақындағы естеліктер де қызықтырары хақ. Ал ақын туралы шертілер естеліктер де мол.

Былтыр қазан айында Қадыр Мырза Әлі хақында деректі фильм түсіру жұмысы қолға алынып, сапардың негізгі жұмысы, сұхбаттар Алматы қаласында жасалды. Ал фильмнің тұсаукесері биыл 24 қаңтар күні Оралда Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында жасалған болатын.

image-28-05-24-04-41-2

Осы орайда аудандық мәдениет үйінде жобаны жүзеге асыру үшін үлес қосқан БҚО әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі хақында түсірілген «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті.

image-28-05-24-04-41-3

Түсірілім тобы бес адамнан құралды. Топбасшысы, осы идеяны ұсынған Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов, елімізге танымал журналист, «AQJAIYQ» телеарнасы директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаева, телеоператор Алмас Адиетов, «Атамекен» өнер орталығының дизайнері Мақсат Тұяқ және Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет жане өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы Айнабек Бисенғалиев болатын.

Деректі фильмнен кейін «Қадыр қазына» жобасы аясындағы концерттік бағдарлама назарға ұсынылды. Концерттік бағдарлама толығымен Қадыр шығармашылығына арналды.

image-28-05-24-04-41-1

«Өмірің өз қолыңда», «Кездер-ай» әндерін халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Асланбек Қуанәлиев орындаса, республикалық байқаулардың лауреаты Алтынбек Базаров «Ғашық күндер» әнін шырқады. ҚР «Мәдениет саласының үздігі», айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев пен айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының мүшесі, республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері Орынбек Меңдіқұл айтысып, көрерменді бір шулатты.

«Бұлбұл бағы» атты облыстық сазгерлер байқауында көптеген тамаша туынды дүниеге келген болатын. Сол байқаудың жеңімпазы атанған «Өмір» әнін ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші-композитор, автор Ербол Ақбасов ұсынды. Сонымен қатар аталған байқауда үшінші орынға ие болған Қуаныш Қисметовтың әніне жазылған «Махаббат – ғашықтық пернесі» әнін республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты Райымбек Кәрімов орындады.

Шара «Атамекен» әнімен мәреге жетті.

Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы сөз алып, кеш қонақтарына аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхаты мен естелік сыйлығын табыстаса, орталық директоры Серік Тоқмамбетов жәнібектік ағайынға өз ұжымының ризашылығын жеткізіп, амандықтарын тілеп, Қадыр ақынның кітабын сыйға тартты.

Фильм мен концертті көрген жәнібектіктер кештен керемет әсер алып тарқасты.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале