11.04.2023, 17:30
Оқылды: 50

Қадыр оқулары өтті

«Қазақтың Қадыры» атанған Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығы бойынша өтетін «Қадыр оқулары» дәстүрге айналғалы біраз болды.

61578264-e9c5-44ae-988e-6c1b995fbe0f

Көбіне мектеп оқушылары арасында өтетін бұл байқауды осы жолы мектеп ұстаздары арасында аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті ұйымдастырыпты.

«Бұрын бұндай байқауларға тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері ғана қатысатын еді. Байқау кәсіподақ мүшелері арасында болғасын, осы жолғы қатысушылар арасында әлеуметтік педагог те, психолог та, биолог та, басқа да әдебиетке қатысы жоқ мамандардың болуы қуантып отыр» - деді байқауды ашқан аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Әсел Имашева.

Бұған басты себеп, ақын өлеңдерінің күннен-күнге қанат жайған құдіреттілігі шығар.
Сонымен, білім саласының 60-тан аса қызметкері қатысқан байқау өте тартысты өтті десе болады. Қалалық №4 мектепті күні бойы дүбірлеткен байқауға қатысушылар үш бағытта бақ сынады. «Сөзім барда өзім бар» деп аталған ақын өлеңдерін мәнерелеп оқу бағыты бойынша 31 қатысушының ішінде бас бәйгені қалалық №6 мектептің ұстазы Айнұр Игібаева жеңіп алды. №3 мектептің ұстазы Аягөз Досжанова І орынға ие болса, жүлделі екінші орындарды №2 мектептің мұғалімі Айдана Ғадрахим мен Пугачев орта мектебінің директоры Құндыз Абдрахмановалар бөлісті. Үш үшінші орындарға Ақсу орта мектебінің мұғалімі Жаңылғаным Жаңабаева, Бөрлі орта мектебінің мұғалімі Іңкәр Карасаева, Кеңтүбек орта мектебінің мұғалімі Гүлжан Кустанаевалар шықты.

IMG_20230411_173225
Байқаудың екінші бағыты «Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы» деп аталған. Бұл бөлімде қатысушылар Қадыр ақын өлеңдеріне жазылған әндерді нақышына келтіріп шырқаудан өнер жарыстырды. Бас бәйгені Балалар саз мектебінің эстрадалық вокалдан оқытушысы Аружан Баймурзинаның жеңіп алғаны заңды шығар. Ал І орынға қалалық №6 мектептің ұстазы Дана Орынғалиева ие болды. Ал екі екінші орынды қалалық №5 мектептің мұғалімі Алма Тенизова мен мектептен тыс жұмыс орталығының мұғалімі Гүлсұлу Көшербаева бөліп алды. Ал жүлделі үшінші орындарды қалалық №1 мектептің мұғалімі Самал Дінғалиева, №7 мектептің мұғалімі Бақытнұр Халықова, Ақсу орта мектебінің мұғалімі Шынар Садықовалар бөлісті.

IMG_20230411_173236
Ал енді өзім қазылар қатарында болған ақындық сайысқа келейік. «Өлең жаздым, тоғыз тарау, жеті өрім» деп аталған бөлімде Қадыр ақынның шығармашылығына деген құрметтерін жүректен шыққан жырлары арқылы білдіруге 16 ақын тілек білдіргені кәдімгідей қуантты. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп келген олар ақындық қарым-қабілеттерін сынға салып, өнер жарыстырды. Аталмыш өлең додасында қалалық №3 мектептің ұстазы Мейрамбек Сыдықов бәйгені шаппай алды десе болады. Яғни, Мейрамбек бас бәйге иесі атанды. Ал жүлделі І орынға №4 мектептің ұстазы Өтепберген Қарасаев ие болды. Екеуі де елге аты танылып қалған жас ақындар. Екі екінші орынды №7 мектептің ұстазы Құндыз Жасталапова мен Кеңтүбек орта мектебінің мұражай жетекшісі Батыржан Ғаниев бөлісті. Үш үшінші орындарға № 1 мектептің мұғалімі Самал Қаржауова, Бөрлі №1 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Шундыбаева, №3 балабақша мұғалімі Айсәуле Сағидуллиналар ие болды. Жеңімпаздардың барлығы да кәсіподақ ұйымының атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас бәйге иегерлері жақын арада облыстық Қадыр оқулары байқауында тағы да бақ сынап, аудан намысын қорғайды.

Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале