Жеңістің 75 жылдығының қарсаңында жер-жерде соғыс және тыл ардагерлеріне деген құрмет еселенуде. Бұл заңды да, өйткені жұмыр жерді теңселткен ең сұрапыл соғыста қатыгез дұшпанға тойтарыс бергендерге адамзат қарыздар.
Осы аптада аудандағы тыл еңбеккерлерінің үйіне мекеме-бөлім басшылары, округ әкімдері барып, мерекелерімен қызу құттықтап, бүгінгі ұрпақ атынан риясыз алғысын білдірді. Қаһармандарға аудан әкімінің құттықтау хатын жеткізген олар сонымен қатар "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл" мерейтойлық медалін тақты.
Аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған шара – осы күні ардагерлердің баспанасына олардың тегі мен есімі жазылған арнайы тақтайшалар ілінді. Бұл белгі аудан орталығында алғашқылардың бірі болып тыл және еңбек ардагері Әжгерей Мұқановтың үйіне қойылды.
Бүгінде тоқсанды алқымдаған ақсақалдың балалығын зұлмат соғыс ұрлап, ол қаршадайынан қара жұмысқа жегілді. Әке-шешесі қой бағады екен, соларға көмектесіпті. «Ауылда қалған үлкендер мен бала-шаға ғой. Қой қырқу дейсің бе, сақман науқаны дейсің бе, қай жұмыстың да басында алды он-он беске, кішісі енді бес-алтыға толған балалар жүретін. Жүн түтіп, оны иіріп, қолғап пен шұлық тоқып, қойдың терісін илеп, бәрін майданға жіберетінбіз. Бар тапқан-таянғанымызды да сұрапыл ұрыстарда жүрген азаматтарымызға арнайтынбыз», деп еске алады ақсақал.
Ел басына күн туған шақта нардың жүгін арқалаған бала Әжгерей бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған қазыналы қария. 45 жыл мал бағып, бірнеше мәрте ауылдық советтің депутаты да болды. Әжгерей аға өзі секілді мектептегі оқуы аз болғанмен, аға ұрпақтың адамгершілік, еңбек тәрбиесін бойына сіңірген Мерует анамен отау құрған. Олар меринос қойын өсіруден Ілбішінде де, басқа шаруашылықтарда да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, табыстың тайқазанын тасытуға айтулы үлестерін қосты. Саулықтардың әр жүзінен 120-130-ға дейін қозы өргізді. Отағасы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Ардагерлер мерекеге орай көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, үлкен ауданымыздың өркендей беруіне тілектерін арнады.
Тыл еңбеккерлеріне сый-сияпаттарды салтанатты түрде табыстау барлық ауылдық округтерде жалғасып, ұзын саны 342 медаль табысталып, осыншама баспанаға тақтайша орнатылды. Айта кету керек, мереке қарсаңында аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагері Сұпығали Есімовке 1 000 000, барлық тыл еңбеккерлеріне 30 000 теңгеден аударылды. Құттықтай келгендер тыл ардагерлерінің ерекше естеліктеріне құлақ түріп, олардың кеудесінде жарқыраған медальдың астарындағы бүгінгі бақытты өмірді жасаған ерен еңбектің, сондай-ақ, бүгінгі мамыражай тірліктің қадір-қасиетін бағалай білудің мән-маңызына қаныға түсті.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Азамат Қанапия
zhaikpress.kz