30.03.2023, 9:00
Оқылды: 74

Қайтарымсыз гранттың игілігін көріп отыр

Әр өңірдің әлеуетін айшықтайтын, даму жолындағы іскерлігін көрсететін, сапасын өсіретін басты көрсеткіштердің бірі - сол өңірдегі тұрғындардың жұмыспен қамтылуы. Осы орайда жұмыссыз жүрген жандардың тұрақты айналысатын іс табуына, өзімді жетілдіремін деген ниеттілердің бағының жануына мемлекетіміз тамаша мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Жәнібек ауданында «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантты пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың саны көп. Ол туралы Жәнібек ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Аида Жармұқанова тереңнен қозғап, кеңінен тарқатты.
- 2022 жыл ауданда жұмыссыз жүрген немесе бұрыннан жеке бизнесі болып, оны дамытқысы келетіндер үшін мол мүмкіндіктердің жылы болды. Бұл жылы 48 адам 1 млн 225 мың теңге көлеміндегі грантты иеленді. Оларға жалпы саны 58 млн теңге 809 мың 600 теңге қаражат бөлінді. Ерекше тың идеяларды жүзеге асырған жоба қатысушыларының дені жастар, - дейді Аида Алмасқызы.
Осы сәтте біз мемлекет тарапынан грант алып, кәсібін еселеген аудан тұрғындарының жұмысын өз көзімізбен көрдік. Ел игілігі үшін қызмет көрсетіп, талабын ұштағандардың іскерлігі таңдай қақтырады. «Халықтың сұранысын орындаймыз» деген ізгі пейілділердің қатарында Ләззат Айтасова (суретте) есімді жас кәсіпкер бар. Ол атаулы гранттың көмегімен сұлулық салонын ашқан. Аудан бойынша бір ғана ажар әрлейтін орталықта бес бірдей маманды жұмыспен қамтып отыр.

IMG-20230329-WA0216
- Көп уақыт ойлап, қаражатымды жинап жүрген едім. Мемлекеттік грант едәуір көмек болды. Жалпы, біздің аудан облыс орталығынан қашықта орналасқан. Қазақ той-домалақсыз күн өткізбейді. Кез келген адам түрлі қуанышта өз бейнесінің сүлу болғанын, көрер көзге тартымды болғанын қалайды. Сол себепті аудан орталығында сұлулық салонының жұмыс жасауы – өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Менің осы сөзім тұрғындар арасынан да қолдау тауып жатыр. Оның дәлелі - біздің қызметімізге жүгінетіндердің санының көп болуы, - дейді кәсіпкер.
Ләззат бүгінгі таңда ерлер мен әйелдерге шаш қию, кірпік қондыру, маникюр сынды қызметтерді аудан тұрғындарына ұсынып отыр. Қолы қалт етсе, шәкірт тәрбиелеп аруларды сән өнеріне баулиды.
Қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін бастаған Лиза Киекова жастардың әсіресе балалардың арасында сұранысқа ие жүгері попкорндарын әзірлейді.

IMG-20230329-WA0212

Түрлі фильмдерді сүйіп көретін оқырмандарымызға таныс бұл өнім айына бес жүз данамен шығарылып, екі дәмхана, үш супермаркет, алты азық-түлік дүкеніне лезде жеткізіліп отыр.

InShot_20230329_182251682
- Алғашында құралдарын, дайын өнім құтысын табу, оларды біздің жаққа әкелу қиынға түсті. Дегенмен, жұмыстың оңайы болмайды. Біз тек жүгері попкорндарымен шектелмей, тәтті мақталарды да дайындаймыз. Ынталы адам қалай да мұратына жетеді, - дейді әңгіме барысында Лиза.

IMG-20230329-WA0215

Қайтарымсыз қайырлы гранттан ауданның ауылдық округтері де тыс қалмады. Атап айтсақ, Қамысты ауылының Әлия Тұрдыәлиева есімді тұрғыны тігін машиналарына гранттың көмегімен қол жеткізіп, қызу жұмысқа кіріскен. Құрақ құндылығын насихаттап, қазақы ою-өрнектің мәнін терең түсінген тігіншіге ауыл мен аудандағы аналар қауымы қыз жасауына тапсырыс береді. Оған қоса, заманға сай құрақ көрпешелер дайындап, суретін әлеуметтік желілерге жүктеу арқылы саудасын жүргізеді.
- Біле білген шеберге әр құрақтың өз сыры бар. Мысалы, жұлдыз құрағы ежелден келе жатқан тарихи құрақтардың бірі. Көбінесе жас келіннің артынан сол елдің мәртебесін көтерсін деген мақсатта көрпешелер жасаған, - дейді.

Әзірге бір бөлменің ішінде мақсатын жүзеге асырып отырған кәсіпкер алдағы уақытта ауқымды кеңейтіп, арнайы мамандарды жұмысқа қабылдаймын деген ойда.

Табысты ауылға айналған Қамыстыдан Борсы ауылы да қалысар емес. Борсының тұрғыны Гүлсезім Бақтығалиева дәмі тіл үйіретін торттарға тапсырыс қабылдайды.

InShot_20230329_182334270 Мемлекеттік грант арқылы тәттілер дайындайтын арнайы құралдарын сатып алған Гүлсезімнің еңбегінің жемісін бүтін ауыл көріп отыр. Енді ауыл тұрғындары туған күн, мереке сайын аудан мен қалаға сенделмейді. Бір кездері бәрімізге арман болған дүниелер мемлекетіміздің қолдауымен нақты жүзеге асатын іске айналуда.

Ақтілек Әлібек,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале