Нұрхат Қалдыбай - болашағынан зор үміт күттіріп жүрген Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат ауылының 11-сынып оқушысы. Қазақ күресі, самбо, дзюдодан бірнеше дүркін чемпион болған балуан жігіт. Өкінішке орай, 4 мамырда ақ қан (лейкоз) ауруына шалдыққаны белгілі болды. Қазір Түркия елінде ем алып жатыр. Тұтас емге 40 млн қаржы керек екен.
Осы ақпарат тарағалы облысымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Батысқазақстандықтар жерлестерін қолдау мақсатында челлендж өткізіп, түскен ақшаны Нұрхаттың еміне аударуда. Осындай сауапты істен теректіліктер де қалыс қалмады.
Теректі ауылында аудандық мешіт және балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен шағын футболдан қайырымдылық турнирі өтті. Турнирге 8 құрама команда қатысып, бақ сынады. Соның ішінде Бөкей Орда мен Казталов сынды шалғай аудандардан келген командалар да бар.
Тартысты ойын нәтижесінде жүлделі І орынға «Подстепный ауылы» командасының ойыншылары лайық деп танылды. Казталов ауылының «Сары Өзен - Бостандық» құрамасы ІІ орын тұғырынан көрінді. Ал, теректілік «Теректі БЖСМ» командасы ІІІ орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар Айбек Жоламанов «Үздік ойыншы», Нұрқанат Естаев «Үздік қорғаушы», Айдын Айболатов «Үздік қақпашы», Аслан Бекенов «Үздік шабуылшы» аталымдарына ие болды.
Турнирден жиналған 85 мың теңге қаржы Нұрхаттың еміне аударылады.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz