Бүгін Сырым ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев келді.
Қайыржан Ермекұлының бұл лауазымға тағайындалғанына бір ай ғана болды. Сондықтан жаңа орынбасар жұмыс сапарын Сырым ауданынан бастады деуге толық негіз бар.
Меңдіғалиев мырза әуелі Шолақаңқаты ауылдық округінде болып, Тоғанас ауылында салынып жатқан мәдени-спорт кешенінің құрылысымен танысты. 180 орындық акт зал және бір мезгілде 20 баланы жаттықтыруға мүмкіндік беретін кешен ауылдың талай кәдесіне жарағалы тұр.
Осыған дейін округтегі мәдени шаралар әкімдіктегі аядай бөлмеде өтіп келді. Жаңа нысанның құны – 343,0 млн теңге. Мердігер – «АқсайСтройСервис» ЖШС.
Облыс әкімінің орынбасары ғимараттың жобаға сай салынып, жарақталуын назарда ұстауды сұрады.
Тоғанастағы В.И.Шубин атындағы білім ошағы күрделі жөндеуге зәру. Ғимарат әбден тозған. Кеңестік кезеңнен қалған тереземен, сықырлаған еденмен ескі мектеп жаңа ғасырдың жаңалықтарына қалай ілесіп келе жатыр деп таң қаласың?!
Құспанкөлдегі бастауыш мектебінің де күйі осы. Спорттық залы мен асханасының төбесінен су ағып тұр.
Қайыржан Меңдіғалиевтің аудандарға аяқтай келуінің себебі де – мәдениет, білім нысандарының шынайы күйін көру, аудандардағы қоғамдық-саяси ахуалды сезіну.
Әкім орынбасары бүгін Жымпитыдағы музей, кітапхана, колледждің жұмысымен танысады. Кейін Жосалы ауылдық округіне барып, А.Жұмағалиев атындағы мектепті көреді.
Жаңа орынбасарға обьектілерді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев таныстыруда.
Бұдан бөлек, Қайыржан Ермекұлы Қазақстанның киелі жерлерінің маршрутына енген Әулие Жұмағазы Хазірет пен Сырым Датұлының қолбасыларының бірі – Ерсары батырдың кесенесін зиярат етті.
Кесене Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағында орналасқан. Әулиенің басында Батыс Қазақстан облысындағы исламның даму тарихы мен дін қайраткерлеріне арналған музей бар.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы