Қаңтар айында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, орынбасары Артур Шерғалиев және аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, отбасылар көшіріліп әкелінетін Бұлдырты, Елтай, Талдыбұлақ, Бұлан, Аралтөбе ауылдық округінің әкімдері, «Амир» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалым Наурызбаев Орал қаласындағы «Отбасы» орталығында бірқатар отбасылармен кездескен болатын.
Кездесу нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары Артур Мұратұлы мен Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байров Орал қаласының тұрғыны, көпбалалы, жалғызбасты ана Гүлжиян Гүлбашеваны ұл-қыздарымен Тасқұдық ауылына көшіріп әкелді.
- Алғашқы кездесуіміз «Отбасы» орталығында, кейін №33 мектепте қаладағы саяжай тұрғындарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар да округ әкімдеріне сұрақ қойып, жолыққан болатын. Нәтижесінде, ауылдық округтерге көшуге ниетті отбасылар анықталып, біртіндеп көшіру жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда ол отбасыларды баспанамен қамту жайын қолға алдық. Бір ғана Тасқұдық ауылына аталмыш отбасыдан бөлек үш жанұя, Жамбылға, Қызылағашқа, Көгеріс екі отбасыдан, бас-аяғы он шақты жанұяны көшіріп әкеліп, жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, - деді аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев.
Гүлжиян Мағзомқызының тұла бойы тұңғышы Аружан студент, одан кейінгі ұлы Мұханбет пен қызы Инабат мектеп жасында, қыздары Айбибі даярлық сыныбында оқыса, Медина балабақшаға барады.
- «Отбасы» орталығына Сырым ауданынан делегация келіп, әкімдермен дидарласқан едік. Тұрақты жұмыс ұсынып тұрғасын бала-шағаммен көшіп баруға ұйғардым. Бір жағынан округтегі бала санының жетіспеушілігіне жәрдемдессек, екінші жағынан ұл-қыздарым жан-жақта емес, бір мектепте оқитыны қуантады. Ауылдық жерде өмір сүру, бөтен ортада жұмыс істеу мен үшін қиын емес, - деді ағына жарыла бес баланың анасы Гүлжиян.
Округ әкімі Рашид Байровтың сөзіне сүйенсек, Тасқұдыққа алдағы уақытта да көшіп келуге ниетті түрлі саладағы жанұялар бар. Оларды да біртіндеп ауылға көшірмек екен. Ал, тұрғылықты тұрғын үй салынғанша, уақытша баспана мен үйге керекті жабдықтарымен қамтамасыз етеміз деп отыр.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
Тасқұдық ауылы