8.02.2024, 18:00
Оқылды: 128

«Қаладан ауылға» пилоттық жобасы басталды

Өңірімізде облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы басталды. Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын орта бизнес субъектісінің санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету.

FB_IMG_1707392729186

Бүгін өңірлік бағдарлама аясында Казталов ауданының Болашақ ауылдық округі Жаңатаң елді мекеніне қоныс аударуға ниет білдірген Орал қаласының тұрғыны Аят Сисенов ауылға қоныс аударып, бағдарламаның игілігін көрмек. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Оралға арнайы барып, Сисеновтар әулетімен жүздесіп, ауылға қоныс аударуға және ауыл экономикасының дамуына үлес қосуға білдірген ізгі ниеттері үшін ризашылығын білдіріп, бағдарламаны ауданда жүзеге асыру жұмысына тоқталды.

FB_IMG_1707392724935

- Казталов ауданы бойынша аталған жобаға 8 елді мекен (Жаңатаң, Әбіш, Көпкүтір, Жас, Сарықұдық, Саралжын, Сатыбалды, Көмекші) белгіленді. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін жылдың басында арнайы жұмыс тобы құрылды. Барлық келушіге сол елді мекеннен жұмыс мәселесі,  тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылады. Жұмыс тобы Оралда тұрып жатқан 13 отбасымен сөйлесті. Нәтижесінде төрт отбасы ауылға көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар осы елді мекендерге жеке инвестор есебінен  үй салу жоспарланып отыр. Көшіп келуге ниетті азаматтарға жергілікті демеушілер есебінен ұсақ малын және ірі қара малын беру, 1 миллион 476 мың теңгеге қайтарымсыз грант алуға және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға болатындығы жөнінде түсінік жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді Асланбек Сарқұлов.

Жаңатаң елді мекенінің тумасы Аят Сисеновтың шаңырағында 5 бала бар. Оның екеуі мектеп жасындағы бала болса, үш бала мектепке дейінгі жастағы бала қатарында. Бүгінгі күнге дейін бес жыл бойы облыс орталығында пәтер жалдап келген Сисеновтар жанұясы Жаңатаң ауылында баспана және жергілікті меценаттардың демеушілігі арқасында ірі қара және ұсақ мал беріледі. Сонымен қатар көпбалалы ата-ананы жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін тауып отыр.

Сисеновтар жанұясын қаладан көшіру жұмыстарына аудан әкімдігі мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері қолдау көрсетті.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале