Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округінде биыл тоғыз шаруашылық егін салды. Дала жұмысының қайраткері Қайрат Меңдіғалиев басқаратын «Правда» қожалығы 130 гектар алқапқа жаздық бидай, 750 гектар алқапқа арпа екті. «Даму» шаруашылығы да 450 гектарға жаздық бидайдың, 300 гектарға арпаның дәнін шашты. Тәуекелсіз табыс жоқ.
«KAZMEAT INDUSTRY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «тұсауы кесілген жері» - Шолақаңқаты ауылдық округі. Асыл тұқымды қой мен ешкі өсіруге бағыт қойған ұжым 2020 жылы округ аумағынан жалға 9820 гектар егістік жер алды. 2022 жылдың күзінде түрен тимеген, соқа «сүймеген» тың алқапты жыртып, 1500 гектарға арпа, 1190 гектарға мақсары, 380 гектарға құмай және 600 гектарға күнбағыс екті. Мақсат – малдың азықтық қорын қамдау.
Кешегі аптада Аңқатының арғы жағындағы «KAZMEAT INDUSTRY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқабында болдық. Арпаға орақ салыныпты. Алтын күн аспанының астында, алтын дәннің теңізінде тербеліп дала кемесі – комбайн кетіп барады. 1 тамыз күнгі мәлімет бойынша диқандар қамбаға 48 тонна арпа құйған.
Серіктестік техникалық базасын нығайту үшін төрт трактор, жіктесек үш дана К-700 бен бір KASE 450-1 және төрт дана тіркемелі агрегат сатып алды. «KAZMEAT INDUSTRY» ел алдындағы жауапкершілікті де ұмытпай Тоғанас ауылынан «Халық» дүкенін ашты. Әлеуметтік дүкеннің сөресіндегі тауарлардың қақы барынша арзан.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz