28.02.2022, 15:00
Оқылды: 399

Кәмілетке толмағандар қандай жұмыс жасайды

Қалтаңда артық тиының болса өзіңді әлдеқайда сенімді сезінесің. Бұл сөздер бүгін де мектеп оқушылары арасында танымалдылыққа ие. Жүрек жалғауға, жүріп тұруға, одан қалса керек-жарағыңды алуға ақша жетпей қалатын кездер болып тұрады. Баланы толығымен қамтамасыз ету - ата-ананың басты міндеті. Дегенмен әр бала ата-анасына артық салмақ салмаудың жолын іздейді.  

I love washing Dads car!

Фотосурет: ktk.kz

Қазіргі таңда жасөспірімдердің даяшы не сатушы боп жұмыс істеп жүргенін жиі көреміз. Кей жағдайларда қиындыққа тап болып, арты дауға ұласып жататын кездер де аз емес. Бұндай оқылықтардың алдын қалай алуға болады? Заң не дейді?

Балалардың жұмысына байланысты қойылатын шарттарға көз салар болсақ, 14 жасқа толмаған балалар да еңбекке араласа алатыны айтылған. Еңбек заңнамасына сәйкес, оларға еңбек келісім-шартымен циркте, театрлар мен концерттерде өнер көрсетуге немесе киноға түсуге болады. Ол туралы ҚР Еңбек кодексінің 31 бабында тайға таңба басқандай етіп жазылған. Тек  баланың денсаулығы мен психологиясына зиян келмеуі керек.

ҚР Еңбек кодексінің 69 бабы 14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер – аптасына 24 сағаттан аспайтын уақыт, ал 16-дан 18 жасқа дейінгілер 36 сағаттан аспайтын мерзімде жұмыс істеуі керек деп көрсетілген. 16 жастағы жеткіншектер жарты айлық жалақы алса, кәмелетке толғандар толығымен жалақы алуға құқылы.

Баланың қадамын қолдау немесе қарсы болу – ата-ана таңдауы. Балаңыздың жақсы ниеті артынша психологиялық соққыға айналмас үшін, бұған сабырмен және байсалдылықпен қараған дұрыс екенін айтады психологтар. Одан бөлек ата-бабамыз да «Болар баланың бетін қақпа, белін бу»,-деп әдемі айтып кеткені тағы бар. Сол себепті ата-ана өз перзентінің қызығушылығын анықтап, қабілетіне қарай қолынан келеді-ау деген салаға бағыттағаны да абзал секілді. Осы кезде ғана жеткіншек ақшаның маңдай термен келетінін сезіп, қаржылық сауаттылыққа да үйренеді.

Жұмыс жасаймын деген жан болса, қазіргі таңда табыс табу жолдарының түрі көп. Мәселен, кейбір адамдар үйде отырып неше түрлі таргет жасап, онлайн-дүкен ашып, SMM курстарын сатып-ақ біраз ақша тауып жүр. Бұл дәмханалар мен ресторандарда даяшы болып уақытыңның көп бөлігін жоғалтқанға қарағанда әлдеқайда қолайлы. «Жерде жатқан батпанқұйрық» алғашқыда күдік тудырғанымен, осы күні ел арасында кең өріс ала бастады. Әсіресе үйде отырған аналарға, студенттерге, жалпы жұмысы жоқ адамдарға тиімділігі жоғары. Дегенмен қазір instagram, telegram арқылы курс сатушылар саны бұрынғыға қарағанда артты. Сол себепті, алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін сақтанып жүріңіз де артық етпейді.

Оқушылар арасында осы сынды курстарды алып-сату жоқ емес, бар. Әсіресе, 16-ға толмағандар үйде отырып онлайн жұмыс жасауды құп көреді. Оқуы мен жұмысын қатар алып жүре алатын жеткіншектер үшін бұл керемет мүмкіндік. Алайда, әр саланың өзінің бөрілері бар екенін ескерген де жөн. Бәсекенің көкесін көргенде жаншылып қалмайтыныңызға сенімді болыңыз.

Бүгінде табысты болам деген жан қай салада болсын жұмыс жасай алажы. Сол себепті оқырман назарына  оқушылар мен студенттер атқара алатын қызмет түрлерін ұсынбақпыз.

Блогерлік, поштаға көмекші, промоутер, аудармашы, сурет немесе видео өңдеуші, қолөнершілік, жарнама ілуші, репетитор, тапсырысқа эссе немесе мақала жазу, ерікті, модель, әртіс не болмаса жеке кәсіп иесі. Айта кетерлік жайт, қазіргі таңда түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, сертификаттар алу арқылы жеке кәсіп иесі атануға болады. Қызмет көрсетудің бұл саласы жас талғамайды. Ондай жас кәсіпкерлерді мектептен де кездестіре аласыз. Жоғары сынып оқушылары визажист, бровист, маникюр-педикюр жасау сынды өздерін қызықтырған мамандықтарды оқып, күніне орта есеппен 2000-4000 теңге табыс тауып жүр. Олардың айтуынша, қосалқы жұмыс сабақ оқуға еш кедергі келтірмейді екен. Тапсырыс берушімен келісіп, өзіне ыңғайлы кез келген бос уақытты таңдай алады. Бұл олардың шығармашылық дамуына, сондай-ақ жан-жақты болуына көмектесетінін айтпаса да түсінікті.

Осылайша, мектеп оқуышларының жұмыс жасауға мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары екендігіне көз жеткіздік. Алайда, солай екен деп, ата-анаңның рұқсатынсыз жұмыс жасау – қателік. Қандай істі бастамасаң да, ең әуелі үйдегі үлкендермен ақыл алмасқаның абзал. Қанша жерден тәуелсіз болсаңыз да 18-ге толмаған соң әлі де сіз үшін басқа адам жауапты екенін ұмытпау керек.

Жоғарыда айтылған ойларды қорытындылай келе, үкімет  кәмелетке толмағандарға арналған  жұмыс орындарын ашса және олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасаса деген үміт бар. Ол жасөспірімдердің бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың толық ашылуына және масылдық көңіл-күйді жоюға сеп болар ма еді?

 

Мадина Ибрагим,

Бәйтерек ауданы 

Дариян ауылы

Абай атындағы МГИ оқушысы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале