5.09.2025, 21:00
Оқылды: 347

Қамыс-Самар: құрғаған үміттің қайта жануы

Батыс Қазақстан облысындағы Қамыс-Самар көлдер жүйесі – өңірдің табиғи байлығы ғана емес, ауыл шаруашылығы мен экожүйенің тірегі. Теңіз деңгейінен 6 метр төмен орналасқан бұл жайылманың жалпы аумағы – 8 шаршы шақырым. Оның ішінде ең ірі көлінің өзі 5,17 шаршы шақырымды құрайды.

Қамыс-Самар Құрғаған үміттің қайта жануы (1)
2000-жылдардан бастап бұл көл жүйесі тартылып, құм басу қаупі күшейген еді. Алайда 2023 жылы 20 жылдық үзілістен кейін Қамыс-Самарға 30 миллион текше метр су жіберіліп, тіршілік қайта жанданды. Бұл – жергілікті халық пен табиғат үшін үлкен үміт отын жаққан жаңалық болды.
Алайда 2024–2025 жылдары жағдай қайта күрделенді. Қазіргі таңда Қамыс-Самар жүйесіне небары 20–25 млн м³ су ғана берілуде. Бұл көлем тек жайылманың кеуіп кетпеуін ғана қамтамасыз етеді. Толық қалпына келуі үшін 100 млн м³-қа жуық су қажет.
Мәселе тек су мөлшерінде емес – басқаруда
2019 жылдан бері облыс, республика көлемінде Қоғамдық кеңес арқылы хат жазып, мәселені жете білетін Қоғам қайраткері Табылғали Сапаровтың айтуынша, Қамыс-Самар мәселесі – таза техникалық не саяси тақырып емес, бұл – ғылыми негізде шешілуі тиіс экожүйелік, стратегиялық мәселе.
– Су болмаса, шөп шықпайды. Шөп болмаса, құм қозғалады. Бұл – Жаңақала ауданы мен оған шекаралас ауылдар үшін үлкен қауіп, – дейді Табылғали Сатқалиұлы.
Құм астында саз қабаты бар. Ол су сіңірмейді, бірақ ылғалды сақтап, шөп өсіреді. Сол шөп құмды тоқтатады. Құм қозғалысы тоқтамаса, тек экожүйе емес, ауыл шаруашылығы, мал жайылымы, тіпті адам тіршілігіне де әсер етеді.
Мұқыр, Сарыкөл елді мекендерінің тұрғындары қазіргі ахуалға алаңдаулы. Биылғы шөптің шығымы аз. Киіктер аз шөпті отап кетуде. Мұқырлық шаруалар Майкөп көпірінің жабық тұрғанын көтеріп отыр. Егер көпір ашылса, 4-5 қожалықтың ғана емес, тұтас ауылдың тынысы ашылар еді. Құрақ пен шабындық мәселесі шешіліп, мал азығы тұрақты болар еді.
Табылғали Сапаров былай дейді:
– Су мол жылдары ешкім дау айтпайды. Аз келген жылдары әркім өз аумағына көбірек су алуға тырысады. Бірақ мәселе тек су мөлшерінде емес, оны дұрыс басқаруда. Егер нақты есеп, әділ бөлу, каналдар мен қоймаларды бақылау жүйелі болса – су да жетеді, дау да азаяды. Қазіргі таңда өзен бойының жоғарғы бөлігінде көршілес елдер көптеген су қоймаларын салып алған. Олар тек артығын ғана төменге жібереді. Бұл – төменгі ағыстағы ауылдарға тиімсіз.
Шаруалар не дейді?
Энгелс Әлмұқанов (Мұқыр):
– Былтырғы су мол болып, шабындық жақсы шықты. Биыл су аз. Балықтар да қырылып жатыр. Майкөп көпірі ашылса, жағдай түзелер еді.
Қойшығали Тілеуішов (Мұқыр):
– Құрақ – мал үшін ең құнарлы шөп. Қазір шауып жатқан жерім – Қоянбике. Кей жері қамысты, қол орақпен шауып жүрміз. Су болса – құрақ шығады, мал тоқ.
Қуаныш Жантілеуов (Сарыкөл):
– Киік аз шыққан шөпті отап кетті. Қатқыл беттегі шөп шықпай жатыр. Су ағысы баяу, Карат көлі де толмай тұр. Дегенмен келген суға шүкір дейміз.
Қамыс-Самар – өткеннің естелігі емес, болашақтың негізі
Жергілікті ақсақалдар мен малшылар Қамыс-Самар мен оның маңындағы құмды аймақтың мал шаруашылығы үшін өте қолайлы екенін нақты деректермен дәлелдейді. 1993-94 және 1996-97 жылдары Пятимар, С.Меңдешеев, Бірлік ауылдық округтерінің совхоз малшылары Нәрік қыстауының маңына қыстаса, сол кездері Жәнібек ауданынан да шаруалар осы өңірдің жайылымын тиімді пайдаланып өз шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алған.
Мысалы, Жасболат Жұмасалиховтың естелігі Қамыс-Самар өңірінің мал шаруашылығындағы маңызын айқын көрсетеді. Оның айтуынша, 1977–1978 жылдары Теңдік пен Кіші Айдархан елді мекендерінен малшылар малды құм жаққа айдап, Дауымбақ, Дүйсенбай, Нысантай соры, Жезкиік сияқты қыстақтарға қыстататқан.
Сол кездері қыс қатты болса да құмда үлкен мал қоралар болмағандықтан, тек қамыстан жасалған қоралар салынған. Кей қыстақта екі пәтерлі үйлер болғанымен, көбінесе жеркепе (жербарақ) үйлер салынып, ішін пешпен бөліп, екі отбасы қатар қыстайтын. Мұндай қыстауларда жайылым мол, табиғаты қатты емес, ауа райы малға жайлы болды.

Қамыс-Самар Құрғаған үміттің қайта жануы (2)
Қамыс-Самар маңының тағы бір ерекшелігі – жер асты суларының жақын орналасуы мен шөбінің құнарлылығы. Бұл аймақтың экологиялық ерекшеліктері шаруашылыққа үлкен пайда әкелді. Қыста мал қармен қоректеніп, тебіндеп шығатынын айтады.
Ал көп жылдар серіктестіктің қойын баққан Асылбек Тұрдалиев былай дейді:
"2002–2010 жылдары қойларды қыстату үшін Нәрік, Бесқасқа, Шәуен және басқа да жерлерге айдап бардық. Сол жерлердің шөбі қоңды, ауа райы малға жайлы. Қойлар қармен бірге шөпті жей отырып, қыстан жақсы шығады. Су мол жылдары Қамыс-Самар көлдері тасып, табиғи шөп қалың шығып, малдың жайы да оңалды. Бұл аймақтың табиғи байлығы мен мал шаруашылығына қолайлы жағдайларын көріп, әрбір малшы үшін бұл аймақтың маңызы зор екеніне көз жеткіздім."
Қорытындылай айтқанда Қамыс-Самарға тұрақты және жүйелі түрде су жеткізу – ауыл шаруашылығын жандандырудың, экожүйені сақтаудың, құм басу қаупінің алдын алудың ең басты шарты. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар – дұрыс бастама. Енді оны жүйелі жалғастыру мен үйлестіру – басты міндет. Қамыс-Самар – өңірдің өмір тамыры. Оны сақтау – тек ауылға ғана емес, жалпы Батыс Қазақстан облысының экологиялық, әлеуметтік, экономикалық тұрақтылығы үшін қажет. Су келсе – құм тоқтайды. Құм тоқтаса – шөп шығады. Шөп шықса – мал аман. Бұл – тек табиғи заңдылық емес, ауыл тіршілігінің тұғырлы формуласы.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале