Жәнібек ауданындағы шекара бекетінде соңғы үш күнде қарбалас. Мұнда Қазақстан аумағынан шыққан адамнан гөрі, көрші елден келушілер көп. Бұрын Жәнібек шекара бекетінің алды жым-жырт болатын. Шекараны жаяу кесіп өтетін адам болмағандықтан, мұнда такси жоламайтын. Қазір керісінше. Себебі ресейліктер күн-түн демей жаяулатып жетіп жатыр. Такси жүргізушілері шекарадан ауыл орталығына дейін адам басына мың рубль немесе 7 мың теңге алады. Көлікпен өтіп жатқандар өз алдына.
Ал жаяу өткен ресейліктер ауыл таксилеріне мініп кетуге мәжбүр. Патенті жоқ такси жүргізушілері, яғни заңсыз жүргендер облыс орталығына жету үшін бағаны адам басына 5 есеге өсіріп жіберген. Бір сөзбен айтқанда бұл ұят жағдай. Жәнібек шекара бекетінен бүгіннің өзінде 50 адам өткен. Елге келіп жатқандардың дені 18-45 жас аралығындағы ер азаматтар. Дейтұрғанмен, балаларымен келгендерде де баршылық.
Шекарадан өтіп жатқан ресейліктердің айтуынша, Ресей шекарасында 200-ден астам көлік пен сол шамада адам тұр.
Бүгіннен бастап аталмыш шекара бекетінде ішкі істер бөлімі мен мемлекеттік кірістер бөлімінің қызметкерлері тұрып, барлық әрекеттердің заңды болуын қадағалайды.
Сонымен қатар аудан орталығындағы барлық қонақ үйлер толы. Егер де үйлеріңізге сұранып, кірем деген жолаушылар болса, дереу аудандық полиция бөліміне хабарласуыңыз сұралады.
Барға қанағат етіп, арсыздыққа бармайық!
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz