26.06.2024, 21:00
Оқылды: 106

Қанат Бозымбаев: «Жаңа үйлерге шарбақ, жаңа көшелерге жол керек!»

Бүгін Сырым ауданына арнайы жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Вице-премьер ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге Жымпиты және Өлеңті ауылдарындағы тасқыннан үйі зардап шеккендер үшін салынып жатқан баспаналардың құрылысымен танысты.

C8177683-8D5C-4920-B92B-35E26D0984D3

Су тасқынынан кейінгі зардапты жою бағытындағы жұмыс туралы Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов баяндады.

Батырниязов мырза мәлімдегендей, наурыз айының 27-і күні басталған су тасқынынан Сырым ауданы бойынша 264 үй, төрт әлеуметтік нысан және жеті бизнес субьектісі зиян тартты.

Инфрақұрылымдар мен тұрғынжайларды қалпына келтіру жұмысы дереу басталды. Зерттеу және бағалау қорытындыларына сәйкес 114 үй тұруға жарамсыз деп танылып, қайта салынатын болды. 159 баспанаға күрделі жөндеу тағайындалды. Бірақ бағалаушылардың шешіміне келіспегендер де бар.

Топан судың кесірінен 442 бас үй жануары өлді. Оның ішінде, 91 бас ірі қара, 338 ұсақ мал және 13 жылқы бар.

28DBDEE4-D2BD-4192-95C8-9576F8F894B0

Тұрғындардың шығындарын қайтару бағытындағы шаралар да ширақ жүріп жатыр. 289 адамға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 106, 6 млн теңге, ал 167 үйге қайтара 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 52, 3 теңге қаржылық көмек берілді. Мал шығыны да толықтай өтелді.

Түлігі бірдейлендірілу базасында тіркелген мал иелеріне 30, 6 млн теңге қаржы төленді.

– Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты және Көздіғара ауылдары бойынша 114 үйдің құрылысы тегіс басталды. Қаржылай қолдаушы – «Қазақстан халқына» қоры. Қазіргі таңда сегіз құрылыс компаниясы қарқынды құрылыс жүргізуде. Нақты баяндасам, 45 үйдің қабырғасы тұрды, 32 үйдің шатыры жабылуда. Бірқатар үйлерде ішкі жұмыстар басталды, - деді аудан әкімі.

Қанат Бозымбаев баспаналарды шарбақпан қоршау, жаңа көшелерге жол жеткізу жөнінде тапсырма берді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баспаналарға аула салу да қарастырылып жатқанын айтты. Әзірге баспаналар салынған көшелерге қатты табанды жол жасалады, келесі жылы асфальтталады.

Әрине, іске осындай тиянақтылық керек. Жаңа үйлер қар мен шалшықтың ортасында тұрса, елге игілікті бола ма?

Қанат Алдабергенұлы баспана құрылысын жүргізуші компаниялардың да өкілдерімен жүздесіп, құрылыс материалдарының уақтылы жеткізілуі, жұмыс күшінің әлеуеті жайлы сұрады.

555E61AA-D5B5-413A-AB51-B233BD5BC590

Өлеңті ауылындағы үйлерді салып жатқан мердігерлер қабырғалар қаланып, шатырдың ағаштары шаншылғанын, келесі аптада арнайы мамандандырылған бригада төбені жабу және ішкі жұмыстарға кірісетінін айтты.

Жұмыс күшінде жеткіліксіздік бар. Жергілікті құрылысшылардан тыс, Өзбекстан Республикасынан мамандар тартылған. Әлі 40 құрылыс дулығасы өзінің иесін күтіп тұр.

Вице-премьер жаңа үйлерді аяқтай аралап көрді. Қабырғаларының сапасына, тұрғынжайдың жобасына оң баға берді. Дегенмен, шатырды жабу жұмыстарынан кемшілік байқап, түзетуге  тапсырма берді.

Министр орынбасары су тасқынының зардаптарын жоюдан бөлек, табиғи апаттың алдын алу, болдырмау шараларына да кірісуді міндеттеді.

Бұл бағытта Сырым ауданында Өлеңті өзенінің бойынан су қалқанын салу жоспарда бар.  Сметалық құжаттар дайын.

Жұмагелді Батырнизовтың айтуынша, нысан өзен жағалауының ең төменгі нүктесінен 7,5 биіктікке көтеріліп, салынады. Себебі, көктемде өзен суының деңгейі 6, 5 метрге биіктеді. Ауылға кірген су үйлердің терезесінен келіп тұрды.

– Құрылысқа қарқын мен сапа керек. Жаңа үйлерге шарбақ, жаңа көшеге жол қажет. Үйлердің талапқа сай салынуын, жұмыстың межелі мерзімде атқарылуын халықтың өзі де бақыласын, - деді Үкімет үйінен келген Қанат Бозымбаев.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале