13.08.2024, 10:45
Оқылды: 195

Қанат Жолдасқали – «Даттың» дарынды шәкірті

Қазіргі таңда жастар театры даму үстінде. Жалпы еліміз бойынша жас толқынның театрға жаппай келуі көңіл жадыратады. Бұл да рухтың, бекзада өнердің өлмегенінің айқын дәлеліндей.

CFBB1016-9A26-4BD4-856F-A77CD2676ABD

Ал Теректі ауданы жұртшылығының халықтық «Дат» театарын білмеуі мүмкін емес. Театрдың тарихы тереңде. Бүгінгі кезде әр жылдары жарқ етіп, көрерменнің сұранысын тудырған театрдың құрамы жастармен толықты. Үйірме жетекшісі Ақниет Мақсотова:

– Бір сәтте өте дарынды, өнер десе ішкен асын жерге тастайтын буынның келгеніне ризамын, - деді өз сөзінде.

Үйірмеде өзінің еңбекқорлығымен дараланған Қанат Жолдасқали бар. Ол 2008 жылы жарық дүние есігін ашқан. Ол балалық шағынан биге ерекше икемді болған. Бірақ 2015 жылы жүрек ауруымен ауырып, ән мен биден уақытша қол үзген. Бұл туралы өнерпаздың өзі баяндады.

– Денсаулығыма байланысты өзіме ұнайтын нәрсемен айналыса алмайтынмын. Сол кезде өзімді жеп қойдым. Көңіл-күйім де түсіп, ауыр ойларға берілетінмін. Дегенмен өзімді жинап алып, қайтсем де өнерге ораламын деген мақсат қойдым. Тек қана жақсы жоспар құрып, өзімді үлкен сахналардан елестететінмін. Кейін денсаулығым жақсарып, «Дат» театры жанынан ашылған үйірмеге қатыстым. Міне, қазір аудан сахнасында өнер көрсетемін. Сахнаға шыққанда, өлең оқып, ән салғанда өзімді әлемдегі ең бақытты адам сезінемін, - деді өзгеше толқыныспен.

Қанат Жолдасқали туралы жетекшісі де өте жақсы пікірде.

– Қанаттың жүрегінде арнайы аппарат тұрса да, театрға деген ерекше махаббаты бар. Поэзия оқыса тебірентіп, би билесе шаттандырып, ән салса әуелетіп жібереді. Үйреткендерімді бірден санасына тоқып алады. «Мен мұны істей алмаймын» деп айтып көрген емес. Ізденіп, бір нәтижесін шығарады. Соның арқасында Астанаға екі рет конкурсқа барып келді. Қанатты артық мақтамаймын. Мен онымен мақтанамын,- деді өз сөзін түйіндеп.

Ақтілек Әлібек

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале