12.05.2024, 22:42
Оқылды: 9

«Қандай жұмыс берсе де бас шайқамадым...»

Адамды адам еткен – еңбек. Еңбектің үлкен-кішісі, жақсы-жаманы жоқ. «Ерінбеген етікші болады» деген, ерінбеген адамға еңбектің барлық түрі де жемісті. Ес білгелі маған адал еңбектің үлгісін көрсеткен жан – менің анам. Бала кезімнен анамның бір сәтке демалып, бос жатқанын көрген емеспін. Тынымсыз еңбектене жүріп, бізді де «қимылдағанның қарым қарыс ырысы бар» деген қағидамен еңбек етуге баулып өсірді.

InShot_20240512_224019527

Менің анам – Бадиша Ғалымова 1948 жылы 16 ақпанда Жаңақала ауылында дүниеге келген. Нағашы атам анамның сәби шағында дүниеден өтіп, нағашы әжем Бақыт Рамазанқұлова үш қызын бір өзі тәрбилеп өсіреді. Нағашы әжем Жаңақала ауылының іргесінде орналасқан Ферма деп аталатын елді мекенді шағын тауық фермасына айналдырған өте еңбекқор жан болды. Осындай ананың тәрбиесін көрген анам алдындағы екі апасы Сұлу және Жаңылсын есімді нағашы апаларым, тұрмысқа шығып, анасының аяғы сынып, еңбекке жарамсыз болып жатып қалуына байланысты 8 –сыныпты бітірген шағында 14 жасынан еңбекке араласады. «Ол кезде заң қатал. Жаңақала орталығындағы 8 жылдық мектепті бітірген соң, 9-10-11-сыныптарды оқуым үшін Мәстексай ауылына баруым керек болды. Ауру анамды тастап кете алмадым. Сол кездегі Фурманов аудандық білім беру бөлімінен арнайы комиссия келіп, анамның сырқаты расталған соң, еңбекке араласуыма рұқсат етті»,-дейді шешем. Сөйтіп, буыны бекімеген жас қыз күніне 18 сиыр сауып, анасының орнына жұмысқа шығады. Ауласындағы малды асырау үшін қолы босаған уақытында күніне 25 бау құрақ шабады. Төртпішен деген жерге жаяу барып,күрекпен алабота шабады. 17 шөмеле алабота трактордың бір тіркемесіне толады екен. Сөйтіп, сол жылғы қысқы мал азығын бір өзі жинайды. Келесі жылы күніне 7 рет сауыны бар 13 биені қарамағына алып, бие саууға қосылады.

«Анам аяғынан мертігіп жатса да қолына тыным жоқ, шелек шылдырласа, бие үркеді деп, шелектің қылын алып тастап, орнына жіптен жіңішке арқан есіп тағып берді, бие сауғанда екі тіземе киіп алатын төсекше тігіп берді, сонымен тізерлеп отырып, білегіме шелегімді іліп алып, бие саудым»,- деп еске алады.

Осылай еңбекпен бойжеткен анам 1969 жылы Мәстексай ауылында «түйеші бала» атанған әкем Рахым Жұмағалиевке тұрмысқа шығады. Қара жұмысқа жастайынан пісіп өскен анам әкеммен бірге сол кездегі басқарма Қабиев Қуан ағайдың қолдауымен сауынды сиыр алып, Таймас деген жерде сиыр бағады. Сауылған сиыр сүтін ат арбамен Мәстексайға апарып тапсырады. Еңбекке жас шағынан ерте араласқан әкемнің денсаулығы жиі сыр берген соң, анам үйдің де, түздің де жұмысын өз қолына алады. Екінші баласын жеңілденген жас ана баласын қоларбамен қасына қойып, өзен жағасынан 24 күнде 1500 үй тас соғып,ауыл орталығынан сатып алған шағын үйіне қосалқы бөлме салады.

Бала кезімде анамның бірнеше жүк көлігімен келген жем түсіру жұмысынан шаршап келген сәттерін жиі көретінмін. Сол кездері күндіз жем түсіріп, кеште бесіктегі емізулі баласын қарт әжеме қалдырып, түнгі күзетшілік жұмысқа кететін.

Анамның бойынан қайсарлығымен қоса, байқағыштық, малсақтық қасиеттерін де көріп өстік. Демалыс күндерінде қолдағы малдың саяқ шықанын жаяу іздеп кететін. Таң алакеуімнен кеткен анам кеш бата шаршап-шалдығып, малын тауып оралатын. Өз малын іздеп жүріп, жақын-жуықтың, көрші-көлемнің малдарының қай жерде жүргенін де біліп, «Сенің шұбар бет сиырың Сәуіңкенің жолында туып тұр, сенің қасқа сиырыңАрай қақпасының аузында жатыр»,- деп айта келетін. Үйдің үлкені болған соң, көктемгі қора тазалау, қи ойып, оны сыртқа шығару, соқпа соғу, қой қырқу, қой бағымына шығу, үй – жайдың сыртын жылына бір рет сылап шығу сияқты жұмыстар өзімнен 5 жас үлкен ағам Рахметолла екеуіміздің мойнымызда болатын. Біздерді « Жассыңдар, бір ұйықтап оянғанда шаршағандарың сейіліп кетеді, сенің ісіңді біреу жасап бермейді»,- деп шаруашылық жұмыстарға аямай салатын. Жылдар жылжып, Мәстексай совхозында 30 жыл еңбек етіп, анам дүниеге әкелген 5 баласының арқасында 53 жасында зейнеткерлік демалысқа шықты.

8 сыныптық білімі мен бойындағы қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында ерлерше еңбек ете білген анам балаларының білімді болуына да уақыт таба білді. Қолы қалт еткенде жазу дәптерімізді тексеріп, сызылған, боялған жері болса, ортасынан бір бөліп, қайта көшіртетін. «Әкең екеуіміз жағдайымыз болмағаннан оқи алмадық, сендерге басымыз жерге жеткенше жағдай жасаймыз, сондықтан оқыңдар!»,-деген талаппен оқытты.

Бүгінде өмірлік жарын жер қойнынан тапсырып, ұрпағының тәрбиесінде 76 жастан асып отырған анам : - «Қой бағып та көрдік. Жұмыс талғамадым. Еңбектен еңбекке жалғасып, күн көрдік. Совхоздың берген малына басымды шайқамадым. Жылқы бақпадық, қалған малдың барлық түрін бақтық. Далалық егіс даласында бидай еккен адамдарға күніне 12 нан пісіріп, 43 адамға тамақ пісіретін аспаз да болдым»,- деп еске алады. Отбасындағы ата – анамның тәрбиесімен ағам Рахметолла электрик, сіңілім Самал екеуіміз мұғалім, інім Серік мал өсіріп, әке таяғын ұстаса, інім Санат құқық қорғау саласының маманы атанды. Ата-ана тәрбиесін еш жібермей, әрқайсымыздың өз орнымызды тапқанымызға шүкіршілік етемін. Иә, «қимылдағанның қарым қарыс ырысы бар» деген ата – ана қағидасын бүгінде өз ұрпағымыздың санасына сіңірумен келеміз. «Мал – баққандікі, еңбек - тапқандікі» деген сөз де - анамның жиі айтатын нақылы. «Бойдағы қайраттың арқасында шаршауды білмеппін, қартайып, бойымнан сол қайратым да сарқылар деп ойламаппын, еңбек етіп, жүгіре беріппін»,-дейді менің анам. Қайратың сарқылса да, кемел ойың таусылмасын, өмірің ұрпағыңмен жарқырасын, анашым!

Рая Жұмағалиева,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале