22.03.2023, 10:04
Оқылды: 48

«Қандастарымды көргенде, бауырымды көргендей боламын»

Мейізгүл Орынбасарқызының (суретте) Түркияның Анкарасына қоныс аударғанына 15 жылға жуықтады. Түп-тамыры - Сырым ауданының киелі Көздіғара мекені. Бауырлас Түркия елінде Қазақстандағыдай қазақтардың қатысуымен кей мерекелер аталып өтеді екен, соның ішінде Наурыз мейрамы да бар.
Анкарада Мезгүл Алтыок, Көздіғарада Мейізгүл Орынбасарқызы есімін алып жүрген ару мектеп бітіре сала отбасы жағдайымен бас қала - Астанаға қоныс аударады.
WhatsApp Image 2023-03-22 at 07.13.42
Астанада еңбек етіп жүріп, болашақ жарын жолықтырып, көп ұзамай ана атанады.
- Түркияның қазақтары Наурыз мейрамында бір-бірін құттықтап, бас қосып жатады. Мерекелік іс-шараға жиналған қауымға қазақтың салт-дәстүрлері ұлықталады, қазақтың ұлттық тағамдары мен киімдері таныстырылады.
 Атап айтсам, Қыдыр атаның бата беруі, тұсаукесер, беташар секілді дәстүрлеріміз іс-шараға жиналған түрік бауырларын да тәнті қылып жатады. Екі елдің ұқсас әрі ортақ мерекесі - Құрбан айт десек болады. Мұсылман бауырларымыз айтты асыға күтіп, жоғары деңгейде атап өтеді. Өзіміз де үйде шелпегімізді пісіріп, ұлттық құндылықтарымызды балаларға дәріптеп отырамыз.
Алыста болсақ та, атамекен ыстық. Түркиядағы қандастарымызды көргенде, туған бауырларымды көргендей күй кешемін. Жерлестерімді ұлық мереке - Наурыз мейрамымен, алда келе жатқан иісі мұсылманның мерекесі - Ораза айтпен құттықтаймын, - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Мейізгүл Орынбасарқызы аудан орталығында тұратын анасы Зәру Исмағұловаға сәлемін беріп, туған жерге жыл сайын келіп тұруды әдетке айналдырғанын айтады.
Иә, әлемнің қай қиырында жүрсек те, атамекен, кіндік қаны тамған жердің орны бөлек. Сағынып келіп, туған жердің жусанын иіскеп, топырағына аунағанға жетері бар ма?!
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале