1.03.2024, 23:43
Оқылды: 81

Қара жұмыстың майданында қайнағандар

Таңмен таласа тұрған Құрмет ана әдетінше отбасына тамақ дайындауға ертемен кірісті. Шырт ұйқыда тыныш жатқан балаларына бір қарайлап қояды. Он бес жыл бойы солардың қамы үшін еңбек етіп келеді ана байғұс.

14

Қырау түскен терезе. Күн бүгін әдетінше емес, салқындығы сезіледі. Әлбетте Құрмет ана күннің салқындығына қарамай, қоқыс салатын дорбасы мен сыпырғысын арқалап, жұмысына қарай бет алды. Қақаған қыстың суығы ананың жанын тоңдырғанымен, ой жетегіндегі көңілі мен жүрегін жылытып барады. Балапандарға деген аналық сезімнің ұшқыны болса керек-ті.

Қоғамның тазалығына жауапты он бес жылға жуық адал еңбек қайраттылыққа үйретіп тастағандай...

Ескерусіз адал еңбек. Қайырымсыз қоғам. Қайнаған тірлік.

Бұл тіркестер жанымызға батқанымен тікелей шындық. Осы ретте адал еңбек майданында шыныққан тазалықшы аналардың бір күнін біз көріп, көңілге түйдік.

Жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарлы күнінде, ауылдың жаңбырдан кейінгі балшығы мен ұйытқыған шаң-топырағына қарамастан таңмен таласып жұмысқа жететін Құрмет ана тәрізді Казталов ауданында қаншама көше тазалықшылары бар. Алғыс айту қарсаңында осындай жандарға деген құрметіміз артып, еңбегін бағалап жатамыз. Шынтуайтында, көше тазалықшылары қоғамнан елеусіз қалып жататыны жасырын емес. Жанымызға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі және осындай қызметкерлерімізді кемсітетіні. Бұл ащы да болса шындық.

Жасы егде тартқан нәзік жандылардың ерлермен бірге еңбектеніп жүргенін көргенде еңбектеріне еріксіз таңырқайсың. Мереке қарсаңында бір топ көше тазалықшыларымен тілдескен едік.

- Халықпен жұмыс істеу оңай  емес. Біреу еңбегіңді бағалайды, енді біреуі бағаламай, жинаған жеріне қоқыс шашып кетеді. Біз жұмысымыз қиын деп, салымыз суға кетіп жүрмейміз. Жұмыс істеп жүргенде қиындығын ұмытып кетеміз. Бірақ та  көз алдында қоқысты жерге тастап бара жатқанын көргенде көңіліңе кірбің түседі. Әттеген-айы ауыл тұрғындары тарапынан сыйластық пен құрмет жетіспейді. Енді ғана жинап болып, үйге қайтамыз дегенде, қоқыстар шашылып жатады. Еткен еңбегің еш кеткендей болады. Өте қиын сәттер де болды. Казталов ауылының ана шетінен, мына шетіне күнбе-күн жаяу жүріп, қоқыс жинау оңай емес. Оның үстіне қыс уақытында тоңып қалатын сәттеріміз жиі кездеседі. Жұмыстың киімі болғасын үстімізден ыңғайсыз иіс шыққасын да, жылынып алуға дүкендерге де кіргізбейді, -деп наздарын білдіріп, жалақыларының аздығын да тілге тиек етті.

13

Ойлап, зерделеп қарасақ, аптаған ыстық пен қара суық кезде сыртта жүріп қызмет ету ерлікпен тең.

Ауыр жұмыстарына қарамастан еңбек еткен сол аналарымыздың суық басқан жанарларын «Мың алғыс сізге» деген жақсы сөзбен жүздерін жылытайықшы!

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале