«Еңбектеніп ақша табам деген адамға қазіргі таңда мүмкіндік жетерлік. Тек дұрыс шешім қабылдап, қорықпай бастау керек екен». Бұл қараобалық жас келіншек Гүлбанудың жеке пікірі. Шағын кәсіп бастап, ауылдас ағайынның мол сұранысына ие болып отырған Гүлбану Серікқызы 2012 жылы Казталов ауданына қарасты Қараоба ауылына келін болып түскен. Қазіргі таңда екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана, әуестігін ақшаға айналдырып отырған шебер кәсіп иесі.
- Бір күні әлеуметтік желіден ақша жинауға арналған қорап (копильник) жасау жолын үйрететін ақылы онлайн курсты көріп қызығушылық таныттым.Кейін онлайн курсқа жазылып, жасау жолының қыр-сырын үйреніп алдым. Басында пингвин және аю пішінінде жасап жүрдім. Қазір ақша жинайтын қораптың одан өзге де пішіндерін жасауға көштім. Ауыл тұрғындарынан, басқа да адамдардан тапсырыстар түсе бастады. Кейбіреулер тойбастар үшін, ал кейбірі кәдесый ретінде ұсыну мақсатында тапсырыс береді. Мол пайдаға кенелмесемде, қажетілігіме жеткілікті ақша тауып отырмын. Бұл кәсіп өзіме қатты ұнайды. Әрбір тапсырысты жауапкершілікпен, қызығушылықпен қуана қабылдаймын. Сонымен қатар шағын кәсібімді дамыту мақсатында фотосалон "Ерсұлтан" орталығына барып офлайн Гүлперизат ханымнан «тәтті букет» мастер класына қатыстым. Қазіргі таңда тәтті букетке де тапсырыс қабылдап жатырмын. Ең бастысы тапсырыс берушілер риза. Бұл мен үшін өте маңызды. Алдағы уақытта бұл шағын кәсібімді әлі де дамытқым келеді. – дейді Гүлбану өз сөзінде.
Өзіне ұнайтын істі кәсіпке айналдырып, табыс табу, адамдардың алғысын алу адамды одан әрмен шабыттандыра түседі. Тапсырыс берушілердің Гүлбанудың кәсібіне деген зор қызығушылығы оның «шағын бизнесті одан әрі өркендетсем» деген арманын шыңдай түскендей.
Жас кәсіпкердің түрлі курстарға қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүргені сөзімізге дәлел. Жаңа мақсаттарды көздеп, әрбір істен мүмкіндік көретін кәсіпкер келіншекке тілеріміз тек сәттілік!
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz