Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт кешенінде аудан әкімдігі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешықтыру бөлімінің қолдауымен каратэ-до шотокан бойынша балалар мен жасөспірімдер, ересектер арасында кумитэ бағдарламасы бойынша ашық біріншілік өтті.

Жарысқа Орал қаласы, Тасқала ауданы және Жәнібек ауданының жергілікті команда спортшылары қатысты. Қазақстан Республикасының гимнін орындаған көпшілік байқауды асқан рухпен бастады.

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов қатысушыларға сәттілік тілеп, бас төреші, Батыс Қазақстан облысы бойынша жапон каратэсінің аймақтық өкілі Марат Қожахметовке арнайы алғысхат табыстады. Командалар жарысқа кіріспес бұрын, өз өнерлерін паш етті. Аталмыш спорт түрін жастар арасында дәріптеп, әлем жеңімпаздарын дайындау мақсаты саналған дода қорытындысында 8-9 жас шамасында бақ сынап, -30 салмақта Арнұр Қарсақов оқ бойы озық шығып, дәл осы жаста +30 салмағында Әлижан Талғат, 10-11 жас аралығында абсалют салмақ дәрежесінде Мирас Балтабеков, аталған салмақта 12-13 жастағы үміткерлерден Фархат Орақ, 14-15 жастағы абсолют салмақта Диас Сағымбаев алға озды.

Қыздар арасында 10-11 жас абсолюттік салмақта Сезім Сираж 2-орын, Аршат Сырым 1-орынға ие болса, 12-13 жас арасындағы белдесуде Мәдина Қаратаева, 6-7 жас ерекшелігінде +25 салмақта жүлделі 1-орынға Азиза Қошанова лайық деп танылды.
Шарт бойынша ересектер арасында кәмелеттік жасқа толған қатысушылар өз шамасын көрсете алады. Нәтижесінде абсолют салмақта жүлделі 1-орынды Орал қаласының намысын қорғаған Ерболат Меңлібаев қарсылас шақ келтірмей, жеңіп алды. Жеңімпаздар медаль, дипломдармен қатар ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz