Бүкіл мұсылман халқының ең басты ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесі басталды. Үш күнге созылатын мереке хижра-мұсылман күнтізбесі бойынша Зұлхижа айының оныншы жұлдызында (Арапа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан айтта мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгіт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді.
Биылғы Құрбан айт мерекесін Қаратөбе ауданының жұртшылығы да ерекше ықыласпен қарсы алды. Күн ұясынан арайлап атқан уақытта тұрғындар аудандық мешітке жиналды. Биылғы айт намазы Батыс Қазақстан облысы бойынша таңғы 6:30-да деп бекітілген болатын. Осы уақыт аралығында күнмен таласа тұрып, мешітке асыққан жамағаттың айтқа деген ерекше ілтипатын көруге болады.
Осы ретте аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әділжан Бекқазив мешітке келген жамағатқа Құрбан айттың қадір-қасиеті турасында уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Уағыз-насихат жұмыстарынан кейін мешіт жамағаты намаз оқып, кейін ел мен жердің амандығы үшін Жаратушыдан дұға-тілек тіледі. Риясыз жүздеріне күлкі үйірілген жамағат бір-біріне айт қабыл болсын айтып, құрбандық шалуға ниет қылды.
Мешітке келген жамағатқа «Ізгілік» қоғамдық бірлестігі мен аудандық мешіттің «Құрбан айт қабыл болсын!» атты айт қорапшалары табысталды. Одан бөлек мешітке келген жамағаттың ынтымақ-бірлігін нығайту мақсатында спорттық сайыс түрлерінен асық ату, арқан тартыс ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздар «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің арнайы дайындаған диплом, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Айт күнінің барынша насихатталуына мешіттің нәзік жанды әйел азаматшалары да атсалысты. Әйел жамағаты мешіт асханасына арнайы дастарқан жайып, сойылған құрбан етінен келген жамағатқа дәм татқызды. Биыл аудандық мешітте 1 ірі қара мал құрбандыққа шалынып, еті мұқтаж отбасыларына таратылуда. Шалынған құрбандықтар туралы мәліметтер қосымша жазылатын болады.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz