Бүгін Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ еліне сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп, аудан тұрғындарын маңызды мереке Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
– Ел Тәуелсіздігін алған 30 жылда көреген көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен ерен еңбегінің арқасында жас мемлекетіміз биік белестерді бағындырды. Қазақстан әлем таныған мемлекет болды. Елдің экономикасы мен халықтың әл-ауқатының дамуына зор ықпал етіп, болашаққа бағыт-бағдар берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ еліне сіңірген еңбегі зор, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Салтанатты шарада аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев қызметтегі жетістіктерімен көрінген бір топ сала мамандарына алғысхат табыстады.
Олардың қатарында Қаракөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғабиден Ғұмаров, Жусандыой ауылдық округі мал дәрігерінің көмекшісі Серік Шайхиев, аудандық мәдени-демалыс орталығының бұқаралық іс-шаралар жөніндегі маманы Рысгүл Жұмағалиева, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Төлеген Наурзалин, аудандық орталық аурухананың дәрігер-терапевті Назерке Төлегенова бар.
Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы