Бүгін еліміз бойынша кезектен тыс Президент сайлауы өтуде. Оған Қаратөбе ауданының халқы да белсенді қатысуда. Аудан орталығында №277 «Қаратөбе», №278 «Жаңақоныс» сайлау учаскелері жұмыс жасауда.
Дауыс беру басталар алдында аудан орталығындағы «Қаратөбе» спорт клубының ғимаратында орналасқан №278 «Жаңақоныс» сайлау учаскесінің төрағасы Кенжебек Аймашев сөз сөйлеп, сайлаушыларға сәттілік тілеп, сайлауға қатысушы бақылаушыларды таныстырды.
– Ел өміріндегі айырықша маңызға ие Президент сайлауына қаратөбеліктер белсене қатысып, өз таңдауларынын жасауда. Қаратөбе ауданында 19 сайлау учаскесі бар, оның екеуі аудан орталығында орналасқан. Аудан бойынша 9314 сайлаушы тіркелді. Барлық сайлау учаскелері бойынша дауыс берушілердің белсенділігі жоғары деңгейде, - дейді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Жүсіпқали.
Дауыс беру таңғы 7:00-ден басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін өтпек. Аудандық сайлау комиссиясының таңғы сағат 9:30-дағы мәліметіне сай аудан бойынша 1024 адам дауыс берген.
Сайлауға қатысып дауыс берген жас сайлаушы, аудандық білім беру бөлімінің қызметкері Арайлым Нұрсұлтанова, ауыл ақсақалы Алтынбек Мүйтенов бүгінгі кезектен тыс Президент сайлауында елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасағандығын айтса, бақылаушы Маралбек Амантаев сайлаудың талапқа сай, заң шеңберінде өтіп жатырғандығын алға тартты.
№278 «Жаңақоныс» сайлау учаскесі бойынша құрметті сайлаушы ретінде Ұлы Отан соғысының ардагері, 95 жастағы қария Құрманғали Ысқақов дауыс беріп, қоғамдағы маңызы зор саяси науқанда өз таңдауын жасады.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz