3.07.2018, 12:13
Оқылды: 28

Қаратөбеде электронды қызмет алу туралы түсіндірілді  

IMG_0189Қаратөбе ауданында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсету туралы семинар-кеңес өтті.


Семинар мемлекеттік қызметтерді электронды алуға көшу, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асуы, күнделікті өмірде электронды қызмет алуды кеңінен қолдану мәселелері жөнінде өрбіді.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев төрағалық еткен жиынға бөлім басшылары, аудандық мекемелер қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері қатысты.

«Білім беру саласын цифрландыру және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру туралы» тақырыбында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев баяндама жасады. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүзеге аспақшы жаңа жобалар мен жаңа бастамалардың ауданның білім беру саласында орындалуына тоқталды.

Жиын барысында «е-gov» электрондық үкімет порталы арқылы электронды қызмет алу туралы «Азаматтарға арналған үкімет» ҮЕМ» ХҚКО аудандық филиалы директорының орынбасары Алтынай Қазиуллина электронды үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай ақ, мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі жөнінде айтып берді.

-Электрондық үкімет порталының басты мақсаты азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік қызмет көрсетулерге жылдам әрі сапалы қолжетімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану жолымен мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігін арттыру. Электрондық үкімет порталына СМС арқылы кіру бір реттік пароль арқылы, ЭЦҚ арқылы, логин/пароль арқылы, sim-карта арқылы кіруге болады,- дейді Алтынай Қазиуллина.

«Қазпошта» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы қаржы бөлімінің басшысы Гүлзат Назарова коммуналдық қызметтердің ақысын онлайн төлеу, онлайн сауда және www.post.kz сайты туралы, Еуразиялық банк АҚ Қаратөбе ауданындағы өкілі Ермек Болатов Еуразиялық банктің «Smart bank» мобильді қосымшасының мүмкіндіктері туралы түсіндіріп берді.

«Е-gov» электрондық үкімет порталы және «Дәрігерге жазылу» мобильдік бағдарламасы арқылы дәрігерге жазылуды жүзеге асыру және жеке электрондық карталары туралы аудандық орталық аурухана маманы Асылхан Метенов түсіндірді.

Жиын барысында қазіргі уақытта заман талабына айналып отырған цифрландыруды жүргізу, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу туралы кеңінен қаралды. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша баяндамашылар айтқандай онлайн түрде төлемдер жүргізу, қажетті қызметтерді, анықтамаларды алуға үйде отырып қол жеткізе алатындығы жөнінде насихат жұмыстары жүру керектігі қозғалды.

Айта кетерлігі, ауылдық округ әкімі аппараттарының жанынан халыққа «е-gov» электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алуда көмек көрсету үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары құрылып, жергілікті тұрғындарға қызмет жасауда.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале