27.01.2023, 17:15
Оқылды: 52

Қаратөбеде «Еңсеп палуан» ерлер клубы құрылды

Қоғамда ер азаматтардың беделін көтеру, жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру, ата тәрбиесін, әке тәрбиесін бойларына сіңіру арқылы салиқалы, саналы ұрпақ тәрбиелеу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осы орайда Қаратөбе ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық орталық мешітте қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген ер азаматтар басқосты. Басқосуда алдыңғы буын ағалар мен кейінгі толқын інілер түрлі бағыттағы ой-пікірлерін ортаға салып, «Еңсеп палуан» атауымен ерлер клубын құрды.

3

Ауданның түрлі саласында еңбек етіп жүрген ер азаматтар жиналған жүздесуге арнайы қатысқан аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев бүгінгі жас ұрпақты бала шақ­тан, яғни ерте жас­тан ұлттық құндылықтарға сүйе­не отырып тәрбиелеу керектігін атап өтті. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар болашақта елжанды, намысшыл азамат болып өсетіндігін тілге тиек еткен аудан басшысы жас жеткіншектерді ұлттық спорт түрлеріне баулудың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерді еркін форматта талқылауға шақырды.

Кездесуде сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин ерлер клубының құрылуына бастамашылардың бірі ретінде клубтың негізгі мақсатына тоқталды. Азаматтарды елдік мәселелерде сөзімен де, ісімен де үлгі боларлық өнеге көрсетуге үндеп, аталған клубтың ұраны «Сөзден іске» болуы керек деген ойын жеткізді.

4

Ер адамдардың қоғамдағы орны мен отбасындағы жауапкершіліктері турасында ой бөліскен ауыл ақсақалдары Аманжан Әнесов, Рамазан Қыдырашев, Халық Наурзалиндер жеткіншек жас ұрпақты әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан өзгенің жат әдеттерімен емес қазақтың ұлттық салт-дәстүрін бойларына сіңіре отырып тәрбиелеу жөнінде пікірлерін ортаға салды.

Кездесуде «Қаратөбе өңірі» газетінің жауапты хатшысы Ерболат Райсов әйгілі палуан Еңсеп Досқалиевтің есімін аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне беру мәселесін көтерсе, аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев балаларды ұлттық ат спорты түрлерімен айналысуға баулудың қажеттігін және отбасы құндылықтары турасында сөз қозғады.

5

Басқосу соңында ауыл халқының демеушілігімен мешіт жанынан салынған асханада дастарқан жайылып, тағылымды отырыста қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, күміс күй де күмбірледі.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале