Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық кезеңі мәреге жетті.
«Қаратөбе» спорт клубының мұрындық болуымен қазақ күресінің мәртебесін көтеру, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарыс жоғары деңгейде өтті. Турнирге 7 ауылдық округтен келген 40-қа жуық палуан жеті салмақ дәрежесі бойынша белдесті.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров: «Қазақ күресі ‒ қазақ елін біріктіретін қазақтың болмысын, рухын көтеретін спорттың бір түрі. Былтырғы жылы Сержан Ерлан аудандық, облыстық, республикалық кезеңге дейін қатысып, ауданымыздың абыройын асқақтатқан болатын. Жарысқа қатысушыларға жеңіс тілей отырып, ел намысын биік ұстап, әрдайым қазақ күресінен елдің, облыс, аудан атын шығаруға тілекшімін», - деді.
Боз кілемде 55 келі салмақ дәрежесінде І орынды Арман Асылбекұлы (Қаратөбе ауылдық округі), 60 келі салмақ дәрежесінде І орынды Бауыржан Шүрмен (Қаратөбе ауылдық округі) еншіледі. Ал, 70 келіде І орынды Елжас Оразбаев (Қоскөл ауылдық округі), 80 келі салмақ дәрежесінде Нұрбек Қайыржанов (Қаратөбе ауылдық округі) иемденді. 90 келідегі алыптар айқасында жеңіс тұғырынан Асан Дошымов (Қаратөбе ауылдық округі) көрінсе, одан да жоғары аса ауыр салмаққа шыққан Сержан Ерлан қарсыластарынан басымдылығын байқатып, І орынды жеңіп алды.
Осылайша тартысты өрбіген «Қазақстан барысының» аудандық кезеңінде жеңімпазы Е.Досқалиевтің ізбасары, талай додаларда топ жарып жүрген Сержан Ерлан түйе палуан атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz